Шымкент қаласы әкімдігі Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамалған белсенділер Жанмұрат Аштаев пен Қайрат Сұлтанбектің әйелдеріне жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат етпеді. Олар пикетте күйеулерінің заңсыз қамалғанын айтып, бостандық талап етпек болған.
Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранованың айтуынша, 3-5 наурыз аралығында қала әкімдігі, қала прокуратурасы мен қалалық полиция департаментінің алдында Қаңтар оқиғасы кезінде туған ауылы мен жұмыста болса да, үстінен қылмыстық іс қозғалған, екі айға қамалған күйеуі Жанмұрат Аштаевқа бостандық талап етпек болған. Бірақ қала әкімдігі пикет өткізу үшін жазылған хабарламадағы мәліметтер толық емес деген сылтаумен, рұқсат бермеген.
- Күйеуімнің кінәлауға дәлел жоқ. Жанмұратқа бостандық талап ету үшін пикет өткізуге тағы хабарлама тапсырамын. Оның ақ екеніне сенемін, - дейді Нұранова.
Нұрановамен бірге Қайрат Сұлтанбектің әйелі Ардақ Сәтбаева да жалғыз адамдық пикет өткізу үшін хабарлама берген. Оған да әкімдік "мәліметтер толық емес" деп жауап берген. "Денсаулығыма байланысты қайта хабарлама тастай алмайтын болдым" деді ол.
Әкімдік жауабында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада қандай мәліметтер көрсетілуі тиіс екені тізіліп жазылғанымен, Нұранова мен Сәтбаеваның жалғыз адамдық пикет өткізу үшін нақты қай ақпаратты жазуы керегі айтылмаған.
- Қазақстанда жұрт бейбіт митинг я пикет өткізу үшін әкімдікке ескертіп, рұқсат алуы тиіс. Жергілікті билік түрлі желеумен жұртқа бейбіт митинг өткізуге рұқсат бере бермейді.
Бұған дейін Қайрат Сұлтанбек Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" (293-бап), "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) бабымен, Жанмұрат Аштаев 269-баппен күдікке ілініп, екі айға қамалған.
Екі белсендіні сот былтыр Қылмыстық кодекстің 405-бабымен ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы) кінәлі деп танып, түрлі мерзімге бас бостандығын шектеген. Әдетте билік 405-баппен ҚДТ және "Көше партиясының" жақтастарын жазалайды. Нұр-Сұлтан ҚДТ мен "Көше партиясын" "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған, ал Еуропарламент екі ұйымды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Қаңтар оқиғасына байланысты Шымкентте 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір ондаған адам кепілмен я қолхатпен қамаудан босатылған.
4 қаңтарда Шымкентте жұрт билікке қарсы бейбіт наразылыққа шыққан еді, кейін бұл наразылық тәртіпсіздікке ұласып, қалада 5 қаңтарда оқ атылды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы наразылық кезінде ауруханаларға түрлі дене жарақатымен 120-дан аса адам жеткізілгенін хабарлады. Кейіннен олардың ішінде 73 адамға оқ тигені мәлім болды. Шымкентте қаңтар оқиғасында 19 адам қайтыс болды.