НАТО Украинаға әскері мен әскери ұшақтарын жібермейді. 4 наурызда Брюссельде НАТО елдерінің сыртқы істер министрлерінің жиынында ұйымның бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді.
Ол Солтүстікатлантикалық одақ Ресеймен соғысқа ұмтылмайды, егер ол Украинадағы соғысқа тікелей араласса, сондай қауіп туындауы мүмкін деп мәлімдеді.
НАТО бас хатшысы бұған қоса, Ресейді Украинадан әскерін шығарып, келіссөз бастауға үндеді. Егер Ресей қақтығыс аумағын кеңейтіп, Украинадан тыс аумақ жерде соғысуға тырысса, ұйым өзін-өзі қорғайды деді.
Столтенберг кездесу кезінде Киевтің Украинада "ұшпайтын аймақ қалыптастыру" (яғни, Украинаның әуе кеңістігіндегі ресейлік ұшақтар мен зымырандардың барлығын атып түсіру) туралы ұсынысы талқыланғанын растады. Алайда НАТО елдері қақтығыс ушығып кетпес үшін мұндай ұсыныстан бас тартқан.
Столтенберг алдағы күндері Украинада жағдай одан да ушығуы мүмкін деп болжайды: адам шығыны көбейеді, көп нысандар қирайды.
НАТО елдерінің басым бөлігі Украинаға қару-жарақ тасымалдайды. Еуроодақ Украинаға қару-жарақ жеткізу үшін ірі көлемде қаржы бөлді. Бірқатар елдер азаматтарына Украинадағы шетел легионы құрамында Ресейге қарсы соғысуға рұқсат берді.
Ресей Украинаға 24 ақпаннан бастап басып кіре бастаған. Ресей президенті Владимир Путин өзге мәселелермен қатар НАТО Украинаны Ресейге қарсы қорғаныс шебі жасамақшы болғанын айтқан. Ал мемлекеттік дума жетекшісі Вячеслав Володин Ресей ескертіп соққы берді десе, Украина мен НАТО мұны терістейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Есі дұрыс па?" Путиннің сөзі мен ісінен соң жұртты мазалаған сұрақ