Шымкентте сот қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, қамалған төрт белсендінің қамау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Ал белсенді Ерғали Құлбаевтың сараптама қорытындысы шыққанша аштықты тоқтатқаны мәлім болды.
Құлбаевтың әйелі Назерке Нәлібайдың айтуынша, 26 ақпанда аштық жариялаған белсенді қылмыстық іске байланысты прокуратура тағайындаған сараптамадан соң аштықты тоқтатқан. Егер сараптама қорытындысы үстінен қозғалған қылмыстық істі өзгертпесе не тоқтатпаса аштықты қайта жалғастырмақ.
- Сараптама қорытындысы үш аптада шығады. Қазір Ерғалидың жағдайы қалыпты, - дейді Назерке Нәлібай.
Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты Ерғали Құлбаевпен бірге қаңтар оқиғасына байланысты түрлі қылмыстық іспен қамалған белсенділер Карима Хайдарбекова, Жанмұрат Аштаев пен Қайрат Сұлтанбектің тергеу амалдарына байланысты қамау мерзімін тағы бір айға созған. Олар қазір қаладағы Сәуле ықшам ауданында орналасқан ИЧ-167/11 тергеу изоляторында қамауда отыр.
Осыған дейін Ерғали Құлбаевтың аштық жариялағанын тергеу изоляторы растаған. Бұдан бұрын белсендіге түрмеде қысым жасалғаны хабарланған.
11 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты 36 жастағы Құлбаевты Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" бабымен күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. 21 қаңтарда қалалық сот белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.
Шымкенттегі қаңтар көтерілісінде 120-дан аса адам түрлі жарақат алды. Кейіннен олардың 73-іне оқ тигені мәлім болды.
Қала прокуратурасының дерегінше, 4-7 қаңтар күні Шымкентте 3500-ден аса адам ұсталған. Олардың 87-сіне қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамауға сот санкция берген. Кейіннен ондаған адамды бұлтартпау шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.
Шымкентте Қаңтар көтерілісі кезінде 19 адам қайтыс болған.
Бұған дейін құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасына байланысты қамалған азаматтық белсенділерді босатуды талап етіп, оларды азаматтық белсенділігі үшін қудаламауға үндеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкентте де прокуратура алдына ұсталғандардың туыстары жиналып, талап қойды