Ресейде "Первый канал" телеарнасының қызметкері, редактор Марина Овсянникованы адвокаттары дүйсенбінің кешінен бері жолыға алмай отыр. Олар дүйсенбінің кешінде полиция бөліміне әкетілген журналистің қайда екенінен де хабарсыз.
Овсянникова 14 наурызда кешке "Время" жаңалықтар бағдарламасының тікелей эфирі болып жатқанда студияда отырған диктордың қасына атып шығып, "Соғысты тоқтатыңыздар. Пропагандаға сенбеңіздер. Бұл жерде сіздерді алдап жатыр" деген плакат ұстап тұрды. Ол диктор сөйлеп жатқанда "Соғысты тоқтатыңыздар! Соғысқа жол жоқ!" деп қарсылық білдірді. "Первый канал" осы жайтқа байланысты тексеріс бастаған, ал Овсянникованың ұсталып, үстінен әкімшілік іс қозғалған деген хабар шықты.
Сейсенбіге қараған түні "Правозащита" қоғамдық ұйымы адвокаты Анри Цискаришвили Овсянникованы "Останкино" телеорталығының кезекші бөлімінен тауып алған деген ақпарат тарады. Бірақ полиция ол ақпаратты жоққа шығарған.
Адвокат Даниил Берман "Медуза"сайтына 15 наурызда таңертеңге дейін Овсянникованы еш жерден тала алмағандарын айтқан.
"Холод" басылымы адвокат Павел Чиковқа сілтеп, Марина Овсянникованың табылмай жатқанына 12 сағаттан асқанын хабарлады.
Бейресми ақпарат бойынша, Овсянниковаға әкімшілік заңға жақында енгізілген "Ресей әскеріне жала жапқаны" үшін жазаға тарту қарастырылған бап бойынша айып тағылуы мүмкін. Бұған дейін адвокат Даниил Берман билік Овсянникованың үстінен қылмыстық іс қозғауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды деген.
Украина президенті Владимир Зеленский өз үндеуінде Марина Овсянниковаға "шындықты жеткізуге талпынған" әрекеті үшін алғыс айтқан.