Қаржы мониторинг агенттігі экс-президент Назарбаевтың бұрынғы құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаевтың ұсталғанын растады.
Агенттік Боранбаевтың 17 наурызда екі айға уақытша тергеу изоляторына қамалғанын да мәлімдеді.
Орган бизнесменнің "квазимемлекеттік секторден аса ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатқан іс бойынша" ұсталғанын хабарлады.
Қаржы мониторинг агенттігі Боранбаевты ұстағаны жайлы ақпарат 15 наурызда сайттарда тараған еді. Бірақ осы күнге дейін агенттік бұл ақпарат жайлы ешқандай мәлімдеме жасамай келген.
Your browser doesn’t support HTML5
Қайрат Боранбаев - елдің экс-президенті Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Боранбаевтың қызы Алима Боранбаева Дариғаның ұлы Айсұлтан Назарбаевқа (2020 жылы қайтыс болған) тұрмысқа шыққан. Кейін Айсұлтан мен Алима ажырасып кеткен.
Боранбаев Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, Қазақстандағы ең бай елу бизнесменнің қатарына кіреді. Байлығы – 519 миллион доллар. Ол 2000-2002 жылдары "ҚазТрансГаз" компаниясының атқарушы директоры және "Intergas Central Asia" коммерциялық директоры, 2006-2014 жылдары "ҚазРосГаз" компаниясының бас директоры болды.
Боранбаев – Алматының "Қайрат" футбол командасының иесі. Fitnation фитнес клубының, "Рахат Палас", Comfort Hotel Astana қонақ үйлерінің иесі, Esentai Mall, Esentai Tower бизнес орталығын, "Алмалы" сауда орталығын, Латвиядағы Jurmala Golf Club & Hotel қонақүйін серіктесімен бөлісіп басқарады. McDonalds тамақтану орнының Қазақстандағы және Ресейдегі франчайзинг иесі.
Оның Британия, Чехия, Ресейде қымбат үйлері бары да белгілі болған.
Боранбаев Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенін де бақылайды. Қазақстан билігі "Спутник V" екпесін Қарағанды фармкешенінде шығару үшін 15 миллиард 175 мың теңге бөлген.
Боранбаев жайлы хабар Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталғаннан соң бірнеше күннен кейін шықты. 13 наурызда жемқорлыққа қарсы агенттік Сатыбалдыұлын шетелге ұшпақ болған жерінен ұстағанын хабарлаған. 15 наурызда сот Қайрат Сатыбалдыұлын екі айға қамаған. Ол "Қазақтелеком" компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?