Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлының әйелі Гүлмира Сатыбалдының үстінен "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
"Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның әйелі Гүлмира Сатыбалды және басқа да адамдардың үстінен бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу фактісі бойынша тергеу бастады. Гүлмира Сатыбалды 16 наурызда ұсталып, Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторына қамалды" деп хабарлады агенттік.
Орган күдіктілердің кімнің қандай бизнесін тартып алғаны жайлы айтпады. 15 наурызда қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы Гүлмира Сатыбалдыны рейдерлікке қатысы бар деген.
Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлын 13 наурызда шетелге ұшпақ болған жерінен ұстаған. 15 наурызда тергеу соты Қайрат Сатыбалдыұлын екі айға қамаған. Ол "Қазақтелеком" компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.
51 жастағы Қайрат Сатыбалдыұлы — Назарбаевтың туған інісі Сатыбалды Назарбаевтың ұлы. 2018 жылы қазақстандық Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.
Ол "Kaspi.kz" АҚ негізгі акционерлерінің бірі болған (30%), Alatau Capital Invest арқылы "Қазақтелекомда" үлесі бар.
Әр жылдары мемлекеттік қызметте істеген. 2000 жылдары Астана қаласы (қазіргі – Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары, "KazakhOil" компаниясының вице-президенті, "Қазақстан темір жолы" компаниясының бірінші вице-президенті болған. 2010-2015 жылдары ағасы Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған тұста биліктегі "Нұр Отан" партиясында хатшы болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кланның әлсіреуі". Назарбаев туысының ұсталуы нені білдіреді?