Ресей "Қанжарын" алып шықты. Мәскеу соғыста гипердыбыстық ракетасын қолданды. Бұл қандай қару?

"Қанжар" ракетасы МиГ-31 ұшағының астында тұр.

Ресей Украинадағы соғыста алғаш рет "Қанжар" (орыс тіліндегі ресми атауы "Кинжал") гипердыбыстық ракетасын қолданғанын мәлімдеді. АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Путин әскерінің Украинада айтарлықтай жетістікке жете алмаған соң агрессивті тактикаға көшіп, гипердыбыстық ракета қолдана бастады деді. Мәскеу осылайша соғыста гипердыбыстық ракета қолдаған алғаш елге айналды. "Қанжар" қандай ракета? Түсіндірейік.

ПУТИН МАҚТАҒАН РАКЕТА

"Қанжар" гипердыбыстық ракетасы әскери ұшақтан нысанаға бағытталған кезде өте жылдам ұшады. Ракетаға қарсы жүйелер гипердыбыстық зымырандарды қағып түсіруі қиындау. 2018 жылы Путин "Қанжар" ракетасын жасау туралы ресми түрде жариялап, бұл ракетаны тоқтату мүмкін емес деген еді.

"Гипердыбыстық ракета" деген не? Бұл – дыбыс жылдамдығынан бес есе жылдам, яғни сағатына 6174 шақырымнан аса жылдамдықпен ұшатын өте жылдам ракета.

Ресейдің "Қанжар" ракетасын МиГ-31 және Ту-23M3 ұшағы алып жүреді және осы ұшақтан нысанаға бағытталады. 2018 жылы Путин "Қанжардың" жылдамдығы 12 мың км/сағат және екі мың шақырым қашықтықтағы нысананы атып түсіреді деп мақтаған.

МиГ-31 ұшағы "Қанжар" ракетасы тастаған сәт. 19 ақпан 2022 жыл.

Ракетаның өте жылдам болғаны сонша нысананы көзді ашып жұмғанша қиратады деп айтылады. Әскери сарапшылар ракетаға қарсы жүйелер мұндай жылдам зымырандарды тоқтатуға мүмкіндігі бар, бірақ өте қиын дейді.

"ИСКАНДЕРДІҢ ІНІСІ"

Әскери сарапшылар мен зерттеу орталықтары "Қанжарды" Ресейдің "Искандер" ракетасының "жетілдірген түрі", "інісі" деп атайды.

АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығы былтырғы есебінде: "Ресей "Искандер" ракетасын жетілдіріп, "Қанжар" ракетасын жасап шықты. "Искандер" 500 шақырымға дейін жетсе, "Қанжар" МиГ-31 ұшағынан ұшырылса 2 мың шақырымға дейін, Ту-23M3 ұшағынан ұшырыласа 3 мың шақырымға дейін бара алады. "Қанжар" мен "Искандер" ракеталары ұшқанда траекториясын болжау қиын. Бірақ 2020 жылы Таулы Қарабақтағы соғыста Әзербайжан әскеріндегі израильдік Barak-8 ракеткаға қарсы жүйесі "Искандерді" қағып түсірді. Сондықтан "Қанжарды" ракетаға қарсы жүйелер ұстай алмайды деп бірден шешім шығаруға болмайды" деп жазған.

Ресейдің "Қанжар" ракетасы 2018 жылы 9 мамырда Мәскеуде өткен әскери парадта

Пентагон басшысы Ллойт Остин "бұл соғыс тағдырын шешеді деп ойламаймын" дейді. Ресейлік әскери сарапшы Павел Фельгенгауэр де AFP агенттігіне "Қанжар" "Украинадағы соғыста көп нәрсені өзгерте қоймайды, тек белгілі бір психологиялық және пропагандалық әсері болады" деді. Ол Ресей күштері қарулары таусылған соң "Қанжарды" қолдана бастауы мүмкін деп санайды.

Бельгиялық қорғаныс стратегиясы бойынша сарапшы Жозеф Энторин де Твиттерде Ресей "Искандер" ракетасы таусылған соң "Қанжарды" қолдануға көшуі мүмкін я тактикасына ядролық қару алып жүруге қауқарлы гипердыбыстық ракетаны қосуы мүмкін деп жазды.

Қазір гипердыбыстық ракетаны жасаумен Ресейден бөлек АҚШ, Қытай, Солтүстік Корея айналысып жатыр.