Ресей соғыс бастамас бұрын бірнеше ай бойы Украина шекарасы маңына мыңдаған әскерін әкеліп, Беларусь әскерімен бірігіп жаттығу өткізе бастады. Қаңтардың басында "Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін" деген алғашқы ақпараттар шығқты. Ақпанның ортасында АҚШ, Ұлыбритания "Ресей Украинаға соғыс ашуға дайындалып жатыр, Киевке шабуыл жасамақ" деп мәлімдеді. Мәскеу Батыс елдерінің мәлімдемесін жоққа шығарып, соғыс болмайды деп келген еді.
21 ақпан
Ресей Украинаның шығысындағы сепаратистердің "ДХР" мен "ЛХР" жікшіл аймақтарының тәуелсіздігін мойындады.
24 ақпан
Ресей әскері Украинаға басып кіріп, соғыс бастады. Киев, Харьков, Херсон қалаларында жарылыстар болды. Ресей президенті Путин "Украинаны денацификация және демилитиризация жасаймыз" деген желеумен "арнайы операция" бастады. Украина президенті Владимир Зеленский елде әскери жағдай енгізді.
25 ақпан
Ресей бейбіт тұрғындарға шабуыл жасамаймыз десе де Киев пен бірнеше қалада тұрғын үйлерге снаряд түсті. Украинадан жұрт босып, Еуропаға қаша бастады.
27 ақпан
Ресей президенті Путин елдің ядролық қаруларын дайындап қоюға бұйрық берді.
28 ақпан
Беларусьте Украина мен Ресей арасында келіссөз басталды. Украина Ресейден соғысты дерек тоқтатуды және территориялық тұтастығын бұзбауды талап етті. Ал Ресей тарабы "Қырым, ДХР, ЛХР тәуелсіздігін мойындау", "денацификация мен демилитиризация" талаптарын қойды. Келіссөз әлі жалғасып жатыр, әзірге нақты шешім жоқ.
1 наурыз
Ресей Украина қалаларын атқылауды жалғастырды. Харьковта облыстық әкімшілік ғимараты мен орталық алаңға ракета түсті. Украина "Ресей соғыстың бірнеше күнінде мыңдаған әскериінен айырылғанын" хабарлай бастады.
2 наурыз
Ресей әскері Херсон қаласын қоршауға алып басып кірді. Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста 498 әскериі қаза болған мәлімдеді. Мәскеу 2 наурыздағы мәлімдемесінде Украинаның 2870 әскериі қаза тапты, 3700 әскериі жараланды деді.
3 наурыз
Ресей Херсон қаласын басып алғанын жариялады. Ресей Украинадағы соғысты "соғыс" деп атаған тәуелсіз басылымдарды бұғаттай бастады. Мемлекеттік дума соғысты "соғыс" деп атағандарды қылмыстық жауапқа тартатын "фейк туралы" заң қабылдады. "Дождь" телеарнасы, "Эхо Москвы" радиосы жұмысын тоқтатты. Путин "әскери операция жоспар бойынша жүріп жатыр" деді. Украинадағы соғыста ресейлік қазақтың қаза тапқаны белгілі болды.
4 наурыз
Путин Ресейде әскери жағдай енгізілмейді деп мәлімдеді. АҚШ, Батыс елдері, Жапония, Австралия Ресейге қатаң санкцияларды күшейтті. Батыстың ірі брендтері Ресейден жаппай кете бастады. Рубль құлдырап, бұл Қазақстан теңгесіне де кері әсер етті. Бір доллар Ресейді жүз рубльден, Қазақстанда 500 теңгеден асып кетті. Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусь спортшыларын паралимпиададан шектетті.
5 наурыз
Ресей әскерилері бақылау орнатқан қалалар мен елдімекендерде Ресейге қарсы наразылықтар өте бастады. Түрлі спорт федерациялары Ресей мен Беларусь спортшыларын жарыстардан шеттете бастады. Ресей Евровидение конкурсынан да аластатылды.
6 наурыз
Visa мен Master card Ресей нарығынан кетті. Ресей әскерилері Мариуполь қаласын қоршап, қаланы атқылауды күшейтті.
7 наурыз
Еуропа одағы Украинаның одаққа қабылдау өтінішін қарай бастады. Азаттық радиосы, ВВС және басқа да халықаралық медиалар Ресейдегі жұмысын тоқтатты.
8 наурыз
McDonald’s Ресейдегі 850 ресторанын уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Гуманитарлық дәліз арқылы Сумы қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау басталды.
9 наурыз
Ресей қорғаныс министрлігі Украинада соғысып жүргендер арасында "қатардағы жауынгерлер барын" алғаш рет мойындады. Оған дейін Кремль Украинаға тәжірибелі келісім-шартпен жұмыс істейтін әскерилер ғана аттанды деп келген еді. Мариупольдегі перзентхана шабуылға ұшырап, бірнеше адам қаза болды. Олардың арасында жүкті әйел мен бала бар.
10 наурыз
Анталияда Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров кездесті. Кездесуден айтарлықтай нәтиже шыққан жоқ.
11 наурыз
Путин Украинадағы соғыста сириялық еріктілерді жіберуге рұқсат берді. Ресей әскерилері Мелитополь мэрін кепілге алды. Кейін Украина Мелитополь басшысын Ресей әскерінің қатарында соғысқан 2002-2003 жылғы жастарға алмастырғанын айтты.
13 наурыз
Украинадағы соғыста кинодокументалист, журналист Брент Рено қаза болды. Бір ай ішінде соғыста кемі төрт журналист қаза тапты. Зеленский НАТО-дан Украина әуесін жабуды сұрағанымен, НАТО және АҚШ "егер Украина аспанын жапсақ, НАТО әскерін Украинаға кіргізсек үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді" деп мәлімдеді.
14 наурыз
Донецкте "Точка-У" ракетасы құлап, 20 адам қаза болғаны хабарланды. Ресей мен Украина бұл шабуылға бір-бірін айыптады. "Первый канал" редактор Марина Овсянникова тікелей эфирде студияға атып шығып, соғысқа қарсылық білдірді. Ресей соты журналиске айыппұл салды, Овсянникова "Первый каналдан" кетті.
15 наурыз
Киевке Чехия, Словения және Польша премьерлері келіп, Зеленскиймен кездесті. НАТО, АҚШ және Еуропа елдері Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етуді жалғастырды.
16 наурыз
Мариупольде драма театрға әуеден шабуыл жасалды. Театрдың жертөлесінде мыңнан аса адам бас сауғалап отырған еді. Қала билігі театрға шабуылдан 300 адам қаза болды деді. АҚШ президенті Байден Путинді "соғыс қылмыскері" деп атады.
17 наурыз
Украина қарулы күштері Ресей әскерінің шабуылы баяулағанын мәлімдеді. Пентагон, әскери сарапшылар, Ұлыбритания Ресей әскері тығырыққа тірелгенін, көп шығынға ұшырап жатқанын айта бастады. Батыс барлаушылары "Ресей Киевті үш күнде аламыз деген ой жүзеге аспады" деді.
18 наурыз
Ресей әскерилері Львов әуежайының айналасын атқылады. Львов - Украинаның батысындағы ең ірі қала. Ресей билігі Мәскеуде "Қырымның Ресей құрамына қосылғанына сегіз жыл толуын" тойлады. Мәскеу полициясының мәліметінше, "Лужники" стадионында өткен шараға 203 мыңдай адам қатысқан. Шараға Ресей президенті Путин келіп сөз сөйледі. Ресей Қырымды 2014 жылы аннексиялап алған. Осыдан соң Батыс елдері мен Мәскеудің арасы суып, Ресейге санкциялар салына бастады.
19 наурыз
Ресей Украинада алғаш рет "Қанжар" гипердыбыстық ракета қолданғанын мәлімдеді.
21 наурыз
Америкалық Wall Street Journal газеті америкалық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап, Путин Киевті алу жоспарынан бас тартты деп жазды. Ресей Украинаға "Мариупольден әскерилеріңді алып кетіңдер" деген ультиматум қойды, бірақ Киев "Мариуполь үшін соңғы әскеріміз қалғанша күресеміз" деді. БҰҰ Украинада соғыс басталғалы кемі 902 бейбіт тұрғын қаза болып, 1459 адам жараланды деп мәлімдеді.
22 наурыз
Ресей әскері Киевтегі ірі сауда орталығына шабуыл жасады, бірнеше адам қаза болды. Украинадағы соғыста Ресей әскері сапында барған қырғыз бен тәжіктердің қаза тапқаны айтылды. Украина қарулы Киев облысындағы Макаров қаласын Ресей әскерилерінен қайтарып алғанын мәлімдеді.
23 наурыз
Мариуполь қаласы әлі қоршауда. Қала басшылығы соғыс басталғалы қалада екі мыңнан аса адам қаза болды деді. Зеленский жүз мың адам әлі қалада қалды деп мәлімдеді.
24 наурыз
Ресей Изюм қаласын басып алдық деді. Украина тарабы "Изюм қаласы үшін ұрыс жүріп жатыр" деп Ресейдің сөзін жоққа шығарды. Украина әскері орыс әскері басып алған Бердянск қаласының портында Ресейдің "Орск" дейтін десант кемесін жойғанын хабарлады. Украина соғыс басталғалы Ресей 15 мыңнан аса әскериінен айырылды деп мәлімдеді. БҰҰ Украинадан бір айдың ішінде 3,6 млн адам басқа елге босып кетті деді.
25 наурыз
Ресей қорғаныс министрлігі соғыста 1351 әскери қаза болып, 3825 әскериі жараланғанын мәлімдеді. Мәскеу бір айда Украинаның 14 мың әскериі қаза тауып, 16 мыңы жараланды деп отыр. Киев бір айдың ішінде Ресей 16 мыңнан аса әскериінен айырылды (қаза тапқандар мен жараланғандар) деп мәлімдеді. Наурыздың ортасында Зеленский Украинаның 1300 әскери опат болғанын айтқан. АҚШ қорғаныс министрлігі бір айда Ресей кемі 7 мыңға жуық әскериін жоғалтты деп есептейді.
Соғыс уақытында екі тараптың мәлімдемелерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украинадағы соғыс. 21-27 наурыз аралығында не болды?Соғыстың үшінші аптасында не болды?Украинадағы соғыс. 9-13 наурыз аралығында не болды?Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды? Украинадағы соғыс. 24-28 ақпан арасында не болды?