Батыс басылымдары осы аптада "жер жинауға" кіріскен Путин Украинадан кейін Қазақстанға кіруі мүмкін бе деген мәселені талдайды. Сонымен қатар Орталық Азия басшылары Украинадағы соғысқа қатысты неге үнсіз деген сұраққа үңіледі. Одан бөлек, Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын ірі құбыр желісінің істен шығуының артында Мәскеудің Батыстан кек алу әрекеті жатқан жоқ па деген сұраққа жауап іздейді.
ҚАЗАҚСТАН РЕСЕЙ ҮШІН КЕЛЕСІ УКРАИНАҒА АЙНАЛА МА?
Мәскеу Украинадағы сценарийді Қазақстанда қайталауы ықтимал ма деген мәселе Ресейде жария түрде бірнеше мәрте талқыланса да, Қазақстанның өзінде бұл мәселе мүлде көтерілмеді. Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымында шыққан талдауда Қазақстан Ресей үшін келесі Украинаға айнала ма деген сұраққа үңіледі.
Автор бұл мәселені таяуда Ресейде орыс, француз, ағылшын, португал тілдерінде шығатын жекеменшік Pravda.ru басылымы көтергеніне назар аударады. Бұл сұраққа өзі жауап берген Pravda.ru Ресей президенті Владимир Путин посткеңестік кеңістіктегі барлық режим үшін Мәскеуге адал болудың шартын белгілеп бергенін, "орыстарды қыспаққа алмайтын және сырттан ешкім басқармайтын билік қана Мәскеуге адал болып есептелетінін" жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мен халық "қаһарына қалмау" амалын іздеген Тоқаев және аймақта үстемдігі артқан Қытай"Мәскеуге адал болмай, АҚШ-тың қолбаласына айналған" Украина мысалын келтірген Pravda.ru "Ресей өз қауіпсіздігін сақтау үшін қандай әрекетке баратынын [Украинамен] көрсетіп жатыр... Қазақстан ұлтшылдыққа жол беру Украинадағы жағдайға әкелетінін түсінуі керек", − дейді.
Тәжуітовтің ойынша, Путин орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицын 1990 жылы жазған "Ресейді қалпына келтіру" эссесінде айтылған басқыншылық жобаны іске асырып, "жер жинауға" және "Украина, Беларусь, Ресей мен Қазақстанның этникалық орыстары тұратын аймақтарды біріктіретін Ресей Одағын" құруға кіріскен.
"Ендігі жерде Украинадан кейін келесі кезек кімге келеді?" деген мәселені көтерген автор Вашингтондағы саясаттанушы Петр Ельцовтың 2015 жылы айтқан сөзіне сүйенеді. Ресей Қырымды аннексиялаған соң Ельцов "Путин келесі кезекте Қазақстанға келеді" деп болжаған.
Ельцов "орыс әлемін қорғауды жамылған Ресейдің неоимпериалистік саясатының кесірінен қазақтар Ресейден теріс айналады, бұл әсіресе Назарбаев дәуірі аяқталғанда қатты байқалмақ" деп топшылаған. Тәжуітовтің ойынша, америкалық саясаттанушы айтқан өзгерістерді қазақ халқы басынан өткере бастады.
Назарбаев президенттіктен кеткеннен кейін 2020 жылдың желтоқсанынан бастап Ресей Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл бастады. Осы кезде түрік тіліндегі басылым "Ресей бұған дейін Украинада сынап көрген гибридті соғысты енді Қазақстанға қарсы бастағанын" жазған. "Ресей саясаткерлерінің территориялық талаптан басталған ақпараттық соғысы 2021 жылы Ресей ақпарат құралдарында күшейе түсті. Ресейдің саяси, медиа және зиялы элитасына Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай мен қазақ билігінің саясаты ұнамады". Кейбірі тіпті "Қазақстан үкіметінде нацистердің сыбайластары отыр" деді, енді бірі білім және ғылым министрі Аймағамбетовті "ұлтшылдардың сыбайласы" деп атады.
Ақас Тәжуітов бұл мәлімдемелерге Нұр-Сұлтан жауап қайтармай, үнсіз қалғанын жазады. Автор Украинадағы жағдай ресейліктерге белгілі бір шенеунікті "ұлтшылдардың сыбайласы" деп атауға жол беру қаншалықты қауіпті екенін көрсетті дейді.
Ұлтшылдар барлық елде тәрізді Қазақстанда да, Қырғызстанда да, Ресейде де бар деп тұжырымдаған автор қазақ халқының елдегі орыс азшылығымен қарым-қатынасы қандай деген сұраққа жауап іздейді. Оның ойынша, Ресейдегі этникалық орыстар мен шығу тегі азиялық этникалық азшылықтардың қарым-қатынасымен салыстырғанда, Қазақстанда қазақтар мен славян тектес азшылықтардың қарым-қатынасы анағұрлым жақсы.
2015 жылы Тарту университетінің профессоры Вячеслав Морозов Ресей Қазақстанға қатысты аумақтық экспансияны қашан және қандай жағдайда іске асыруы мүмкін екенін болжады. Оның ойынша, Қазақстанда ұлтшылдар этникалық орыстарға қарсы тікелей шабуылдар жасамаса, Кремль елге басып кіру үшін "орыс әлемі" концепциясын пайдалана алмайды. "Сондықтан "орыс халқын" қорғауды желеу ету үшін алдымен Ресейде Қазақстанға қарсы қоғамдық пікір қалыптастыру керек, ал мұндай пропаганда науқанын бастамас бұрын оған қажетті алғышарттар жасау қажет".
Қарай отырыңыз: "Бізді құтқарудың қажеті жоқ!" Қазақстандық орыстардың флешмобы (11 наурыз 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Тәжуітовтің жазуынша, бұған алғышарттар қалыптасып қойды, бірақ мұның уақыты қашан келеді деген мәселе шешілген жоқ. Ендігі жерде ары қарай не болмақ деген сұрақтың басы қылтиып тұр.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС ЖАЙЛЫ ҮНСІЗДІГІ
Орталық Азия елдері Украинадағы соғысқа қатысты үнсіз қалды, олар Путиннің Украинаға басып кіруін жария түрде айыптаған да, қолдаған да жоқ. Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллистің Ұлыбританияда шығатын Economist басылымына жазған мақаласында осындай ой айтылады.
Орталық Азия елдері Ресей одақтастары екені белгілі, алайда автордың жазуынша, бұрынғы отарлаушы елдің қазіргі экспансионизмі бұл достықтың түбіне жетуі ықтимал. Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Путин тәуелсіз деп таныған Украина шығысындағы сепаратистік аймақтарды мойындамады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей-Украина шиеленісінде Қазақстанның ұстанымы қандай болмақ?Джоанна Лиллис Ресеймен бұрыннан достық қарым-қатынас орнатқан Қазақстанда Қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалғанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннен көмек сұрап, елге Мәскеу бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершілік күштері кіргенін еске салады. Бірақ Батыспен де қарым-қатынасы жақсы Қазақстан бүкіл әлем теріс айналған Ресеймен бір қатарда тұрғысы келмейді. Орталық Азия елдерінің ішінен Ресей Украинаға басып кіргелі бері Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен жалғыз басшы – Тоқаев. Қазақстан екі елге араағайын болуды ұсынған.
Десе де баланс сақтауға талпынған Орталық Азия елдері ұстараның жүзінде тұр. Қазақстандағы ең үлкен қала − Алматыда соғысқа қарсы митингіге бір рет рұқсат берілді, полиция Украинаға басып кіру символына айналған Z әрпі салынған көлік жүргізушісіне айыппұл салды, бірақ Ресейге қарсы пікір жазған екі блогер түрме жазасына кесілді. Өзбекстан Украинаның аумақтық тұтастығын қолдап, сепаратистік аймақтарды мойындаудан бас тартты. Бірақ Украинадағы Ресей басқыншылығы туралы жазған журналистер биліктің қысымына ұшырады.
Ресей әскери базасы орналасқан Қырғызстан Орталық Азия елдерінің ішінен Мәскеуге барынша қолдау көрсеткендей болды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook парақшасында Путиннің сепаратистік Луганск пен Донецкінің тәуелсіздігін мойындауын "бейбіт халықты қорғау үшін қажет шара болуы мүмкін" деп топшылады. Бірақ автор Жапаров мұны Ресей Украинаға басып кіргенге дейін жазғанын, одан кейін бейтарап ұстанымда қалғанын келтіреді. Лиллистің ойынша, Қырғызстан басшысын да, үнсіз қалған Тәжікстан басшысын да ең алдымен миллиондаған еңбек мигранттарының жай-күйі алаңдатады. Ал сыртта не болып жатқанын мүлде елемейтін, билікті әкеден балаға ұстатқан, әлемнен оқшауланған Түрікменстан да соғыс жайлы мүлде үн қатпады.
Мақала авторы Орталық Азия басшылары қандай дипломатиялық әрекеттерге барса да, елдері экономикалық проблемалардан қашып құтылмайды дейді. Ресей рублінің құлдырауы теңге мен қырғыз сомын теңселтіп жіберді. Еңбек мигранттарының Қырғызстан мен Тәжікстанға аударатын ақшасы айтарлықтай қысқарып, бұл елдердің ішкі жалпы өнімдеріне әсер етпек.
Қазақстан, Өзбекстан мен Түрікменстан бағасы шарықтап тұрған мұнай мен газ есебінен пайдаға кенеле алады. Бірақ Ресей өз аумағы арқылы Қара теңізге мұнай тасымалдайтын құбыр қатты дауылдың салдарынан бұзылғанын мәлімдеді. Қазақстан мұнайының негізгі бөлігін тасымалдайтын құбырды жөндеу жұмыстары екі айға созылуы мүмкін. Сарапшылардың пікіріне сүйенген автор Ресей осылайша санкцияларға қарымта жауап қайтарған болуы мүмкін, ал Қазақстан бұдан зардап шегіп отыр деп есептейді. Мақалада аты-жөні аталмаған қазақстандық шенеуніктің "“Ресей түшкірсе, Қазақстанға тұмау тиеді” деген сөз бар, бірақ Ресейдікі түшкіру емес, ауыр сырқат болып шықса, Қазақстан одан да зор ауруға шалдығады" деген сөздері келтіріледі.
ІРІ ҚҰБЫР ЖЕЛІСІНІҢ ІСТЕН ШЫҒУЫ МӘСКЕУДІҢ БАТЫСТАН КЕК АЛУ ӘРЕКЕТІ ЕМЕС ПЕ?
Ұлыбританияда шығатын Financial Times басылымы да "Каспий құбыр желісі консорциумы" айлақтарының істен шығуын кездейсоқ дүние емес, Мәскеу мұнай тасымалын қысқарту арқылы өзіне санкция салған Батыс елдерінен кек алуды көздеуі мүмкін екенін жазады.
"Каспий құбыр желісі консорциумының" атқарушы директоры Николай Горбань қатты дауылдан Новороссийск түбіндегі теңіз терминалындағы үш айлақ қондырғысының екеуі істен шыққанын мәлімдеді. Құбыр арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайызы тасымалданады.
"Каспий құбыр желісі консорциумына" кіретін Батыс серіктестердің ешқайсысы істен шыққан нысандарды тексере алмағандықтан, сарапшылар құбырдың қашан жөнделетінін Ресей өзі шешеді деп есептейді.
"Құбыр инфрақұрылымы дауылдан немесе Ресей шешімімен жабылды, олай болса оны қашан ашатынын Ресей өзі шешеді", − дейді Вашингтондағы ClearView Energy Partners зерттеу тобының атқарушы директоры Кевин Бук.
Ал Ақ үйдің бұрынғы кеңесшісі, Rapidan Energy Group консалтинг компаниясының басшысы Боб Макналли құбыр Мәскеу үшін аса қолайлы уақытта "ауа райына байланысты" істен шыққанына назар аударады.
"Ресей өз мұнайының экспортына тыйым салуға дайын болмаса да, экономикалық соғыста қазақ мұнайының соңғы баррелі үшін күресуге дайын болуы мүмкін", − дейді ол.
Қарай отырыңыз: Қазақстанның мұнай тасымалдауында қиындық туды (24 наурыз 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Бұл тақырыпты көтерген Eurasianet.org басылымы Қазақстанда "Каспий құбыр желісі консорциумынан" басқа Батысқа мұнай тасымалдайтын балама жолдың аз екенін келтіреді.
Энергетика саласындағы журналист Олег Червинскийдің айтуынша, мұнайды Атырау-Самара арқылы Ресейге тасымалдауға болады. Бірақ мұндай жағдайда Теңіз кенішіндегі сапасы жоғары мұнай Ресейдің сапасыз Urals мұнайымен араласып кетеді. Червинский мұнайды Баку-Жейхан құбыры арқылы тасымалдау мәселені белгілі бір дәрежеде ғана шешеді дейді, себебі Ақтау портының жүкті тиеу және тасымалдау мүмкіндігі шектеулі.
Червинский Новороссийск түбіндегі теңіз терминалының істен шығуы кесірінен Қазақстандағы мұнай өндірісінің көлемі төмендейді, экспортерлердің табысы азайып, нәтижесінде бюджетке түсетін салық түсімі азаяды деп есептейді.