Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов сәрсенбі күнгі брифинг кезінде әзірге Ресей азаматтарының Қазақстанға үдере көшуі байқалмағанын айтты. Вице-министрдің айтуынша, қазір елде 101 мыңнан астам Ресей азаматы бар. Жыл басынан бері 6,3 мың ресейлік Қазақстанға жұмыс сапарымен келген.
"Қазіргі кезде министрлік ІІМ-мен бірігіп, ҰҚК шекара қызметі арқылы да, күн сайын Қазақстанға келгендер мен шыққандарды бақылап отыр. Егер Ресей бойынша ғана айтсақ, 30 наурыз таңертеңгі мәлімет бойынша Қазақстанда 101 мыңнан астам ресейлік бар, 6 350 адам жұмысына байланысты келген. Яғни, жыл басынан бері 6300 адам жұмысқа келген" деді Біржанов.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр бір жылда 18 800 ресейлік Қазақстанға келген. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қоғамда ресейліктердің Қазақстанға көшуі елдегі еңбек нарығындағы жағдайға кері әсер етеді деген қорқыныш та бар. Шенеунік бұл тенденцияның оң жағына да назар аударуға шақырды, яғни, мемлекет "жоғары білікті мамандармен толығады" дейді. Ол Қазақстанға Indriver такси сервисінің келуін мысал ретінде келтірді.
"Келгендердің көбі жекелеген салаға бейімделген: консалтинг қызметі, IT саласы, IT шешім табу, ақпарат қауіпсіздігі. Менің ойымша, бұл керісінше [еңбек нарығына] оң әсер етеді" деді ол.
Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Украинадағы соғыс пен соның салдарынан туындаған Ресейге қарсы санкциялардан кейін ресейліктердің көрші елдерге, оның ішінде Қазақстанға да көшіп жатқаны туралы ақпарат таратқан. Кейбір мәліметке қарағанда, соның салдарынан елдегі ең ірі қалалар Алматы мен Нұр-Сұлтанда пәтер жалдау құны қымбаттаған.