Украина сыртқы істер министрі Халықаралық қылмыстық сот пен халықаралық ұйымдарды Буча қаласы мен Киевтің түбіндегі өзге де қалалар мен селоларға мүмкіндігінше тезірек келіп, Ресейдің әскери қылмысы мен адамзатқа қарсы қылмысына айғақ болатын дәлелдерді жинауға шақырды. Дмитрий Кулебаның мәлімдемесі Британияның Times UK radio радиостанциясының эфирінен айтылды.
Кулебаның сөзінше, қазіргі айғақтар осы қылмысты жасағандарды жауапқа тарту үшін халықаралық және шетелдік соттарда дәлел ретінде пайдаланатылатын болады.
"Олар қала мен селолардағы бейбіт адамдарды жай күндері ғана емес, кетіп бара жатқанда да қырып кетті", – деді Кулеба.
Министр Ресей әскерінің "Украинада жаппай қылмыс жасағанын, кісі өлтіру, азаптау, зорлау, тонаумен айналысқанын" айтты.
"Мұндайды 21 ғасырда көзге елестету мүмкін емес еді, бірақ дәл қазір көз алдымызда болып жатыр. Ресей ИГИЛ-ден де сорақы болды,– деді Кулеба.
Бучадағы бейбіт халық қырғыны жайлы хабардан кейін министр Кулеба "Ресейге соққы беретін санкцияны тез арада күшейтуге" шақырған. Оның сөзінше, "Ресейдің энерго тасымалына эмбарго салып, Ресейдің барлық кемелері мен тауарларын портарда жауып тастау және бүкіл банктерін SWIFT жүйесінен ажырату" керек.
Украина президенті Владимир Зеленский фейсбук парақшасына Буча қаласындағы жан шошырлық суреттерді салып, Ресей солдаттарының аналарына қарата "Қандай сүмелектерді тәрбиелеп, өсіргендеріңізге көріңіздер. Қандықол, жендеттер мен тонаушылар", – деп орыс тілінде жазды.
Ресей Қорғаныс министрлігі Бучадағы қырғынды мойнына алған жоқ. Оның орнына "Бүкіл фотосуретттер мен видеоматериалдар арандату үшін жасалған. Бұл Киев режимінің Батыс БАҚ-тарына арнап жасаған қойылымы" деген мәлімдеме таратты.
"Ресей мен Украинаның Түркиядағы келіссөзінің ертеңіне, 30 наурызда әскеріміз Бучадан шығарылды" деген Ресей Қорғаныс министрлігі Буча мэрі Анатолий Федоруктің "қалада Ресей әскері қалған жоқ" дегенін, ол хабарда "бейбіт адамдар атылған" деген сөз болмағанын алға тартты.
Сәуірдің 2-сіне кешке Киев жанындағы Буча қаласында ондаған, тіпті жүздеген адамның денесі далада шашылып жатқаны туралы хабар тарай бастаған. Бучада бір айдан астам Ресей әскері тұрған. Ресей әскері кеткен соң Украина әскері кірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шашылған мәйіттер, өртенген көліктер, көшедегі қырғын. Бучада не болды?