Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Украинаның Ресей жаулап алған Чернигов, Харьков, Киев облыстарындағы соғыс қылмыстары туралы баяндамасын жариялады.
Құқық қорғау ұйымының баяндамасы Украина билігі мен БАҚ Киев облысының Буча қаласында шашылып жатқан адам денелері туралы мәліметтер хабарлаған кезде жарыққа шықты.
HRW баяндамасында 4 наурызда Ресей әскері Бучада бес адамды ұстап, біреуін өлтіргені жайлы айтылған. Бұл оқиғаның куәгері солдаттар жергілікті тұрғындарды жол жағасында тізерлеп тұруға мәжбүрлегенін, біреуінің футболкасын басына іліп, желкесінен атып тастағанын айтқан. Бұл әңгіме Буча қаласында өлген бірнеше адам денесінің жатысы мен сипаттамасына сай келеді.
6 наурызда Ворзельде Ресей солдаттары бірнеше адам атыстан қашып паналаған жертөлеге газбен тұншықтыратын граната тастаған. Адамдар жертөледен шыққан сәтте 14 жасар баланы атып тастаған. Бұл ақпаратты Human Rights Watch ұйымына сол жертөледе болған ер адам айтқан.
HRW Харьков облысындағы мектепте кем дегенде бір әйелдің зорланғанын хабарлады. Ол әйел отбасымен бірге тығылып отырған. Оқиға 13 наурызда болған. Әйелдің айтуынша, солдат оны ұрып-соққан, пышақпен беті мен мойнын тілген.
"Біз жинаған мәліметтер Украина халқына жаппай зорлық-зомбылық мен қатыгездік көрсетіліп жатқанын білдіреді. Бұл оқиғаларды соғыс қылмысы ретінде зерттеу керек",- дейді Еуропа және Орталық Азия бойынша Human Rights Watch директоры Хью Уильямсон.
Ресей Қорғаныс министрлігі Буча қырғынын көрсететін фотосуреттер мен видеоматериалдарды Киевтің кезекті арандатуы деп мәлімдеді.
3 сәуірдің таңында журналистер мен Украина билігі Киевтің түбіндегі Буча қаласында ондаған адам өліп жатқанын хабарлаған. Кейбірінің қолы байлаулы жатқанын көрсететін фотосуреттерді Reuters, УНИАН, AFP жариялады.
Ресейдің ресми түсініктемесі кеше кешке ғана пайда болды. Оған дейін Ресей Қорғаныс министрлігінің telegram-арнасы "Фейктермен соғыс" арнасынан репост жариялаған еді. Онда Буча қырғынын "алдын ала жоспарланған медиакампания" деп сипаттаған. Қорғаныс министрлігі ресми түсініктемесінде соны сөзбе-сөз қайталап шықты.
"Бучадағы қылмыс "куәгерлерінің" бәрі Ресей әскері кетіп, Украина әскері мен Украина телеарналары келген соң төртінші күні пайда бола қалғаны таңғаларлық емес",- дейді бұл ведомство.
Ресей Қорғаныс министрлігінің ойынша, "Бұл -Киев режимінің Батыс БАҚ-тарының алдындағы кезекті қойылымы. Олар Мариупольдегі перзентхананы да солай көрсеткен".
Ресей Қорғаныс министрлігі "Буча қаласы Ресей қарулы күштерінің бақылауында болған кезде де, одан кейін де қала тұрғынары еркін жүріп-тұрды және мобильді байланыс құралдарын пайдаланды. Қаладан шығуға тыйым салынған жоқ. Тұрғындардың солтүстікке кетіп қалуына мүмкіндігі болды" деп санайды.