Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" "қажет болғанын" мәлімдеді. Ол бұл сөзін Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының жұмысшыларымен кездесуде айтты.
"Біз, бір жағынан, адамдарға көмектесіп, оларды құтқарып жатырмыз. Екінші жағынан Ресейдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қадамдар жасадық. Бізде басқа таңдау болмағаны сөзсіз. Бұл – дұрыс шешім" деді Путин.
Путин Украинада "антиресейлік плацдарм" мен "неонацизм қалыптаса бастады" деп санайды. Ол "Украинадағы "арнайы операцияның" мақсаты анық, бұл – Донбасс халқына көмектесу" деді. Ресей басшысы "мақсатымызға қол жеткіземіз" деп сенеді.
Путиннің сөзінен соң Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк твиттерге "дәл қазір Мариупольде көшпелі крематорий мәйіттерді өртеп жатыр. Ал атыстан аман қалғандар аштан өліп жатыр. Кімнен "қорғап" жатырсыздар? Өмірден қорғап жатырсыздар ма?" деп жазды.
Кремль Украинаға соғысын "арнайы операция" дейді. Елде "соғыс" сөзін қолданғандар қудаланады, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
Путинның бұйрығымен Ресей әскері Украинада 24 ақпанда басып кірген. Ресей басшысы бұл басқыншылықтың мақсаты Украинаны "денацификациялау" және "демилитиризациялау" деген еді.
Бір жарым айдан бері Украинада ауыр шайқас жүріп жатыр. БҰҰ есебінше, соғыстан екі мыңдай бейбіт тұрғын қаза болған. Ал Украина билігі Мариуполь қаласының өзінде ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты дейді.
Ресей 24 ақпаннан бері Украинаның оңтүстігінде Херсон қаласының, Харьков және Донбасс облыстарының бір бөлігіне бақылау орнатты, бірақ Киев пен Украинаның солтүстігінен шегінді.