13 сәуірде Алматы қалалық соты белсенді Жанболат Мамайды қамауда қалдыру туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Инга Иманбай хабарлады.
"Қалалық сот та Жанболат Мамай қорғаушыларының заңды талабын орындамай, Жанболат қамауда қалды" деп жазды Инга Иманбай.
Ол сот шешімін әділетсіз деп атады. Сәрсенбі күні қалалық сот алдына Жанболат Мамайдың оннан астам жақтасы жиналып, белсендіні босатуды талап етті.
33 жастағы Жанболат Мамай 14 наурызда Алматыда өзіне қозғалған екі қылмыстық іске қатысты қамауға алынған болатын. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.
Белсенді 25 ақпаннан бері қамауда отыр: бастапқыда ол Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 15 күнге қамалды, кейін “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату” баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына қамалды.
Алғашқы іс былтыр қыркүйекте болған рұқсат етілмеген митингімен байланысты. Ол кезде Мамай "адамдарды ұрып-соққан полицейлерге" қарата "қарабет" сөзін қолданған, кейін полицейлер белсендінің үстінен шағымданып, іс қозғалған. Екінші істің қозғалуына қаржы нарығын реттеу агенттігінің Мамай үстінен шағымдануы себеп болған. Агенттік белсендіні қарызы бар адамдардың мәселесі бойынша "жалған ақпарат таратты" деп кінәласа, белсенді қарыз мәселесін аталған "агенттік шешуі тиіс" деп айтқаным үшін шағымданып отыр дейді.
Бұған дейін Human Rights Watch, Amnesty International халықаралық ұйымдары Қазақстан билігін Жанболат Мамайды босатып, тағылған айыптарды алып тастауға шақырған.
Мамай авторитар үкіметті қатаң сынаумен танылған. Ол Қазақстанның демократиялық партиясын құрып, тіркеуге тырысқан. Бірақ биліктің кедергі келтіргенін алға тартқан.
Видео: Сот Жанболат Мамайды босатпады (28 наурыз 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5