Украина тарабы соғыс басталғалы Ресейдің 680-нен аса танкісін жойдық деп мәлімдеді. Oryx әскери-сараптама блогы спутник суреттер арқылы Ресейдің 460-тан аса танкісі қирағанын есептеген. Rand Corporation халықаралық стратегиялық зерттеу институты соғыс басталғанда Ресейдің 2700 танкісі болған дейді. Сарапшылар Украина америкалық Javelin ("Джавелин" - найза) танкіге қарсы ракеталық жүйесінің арқасында Ресейдің жүздеген танкілерін жойды деп санайды. Бұл қандай қару?
АҚШ бұл танкіге қарсы қаруды 1996 жылы жасап шығарған. Дәл қазір "Джавелин" - әлемде танкіге қарсы ең тиімді қарулардың бірі. Бұл қарудан атылған ракета 2,5 шақырымға дейін жете алады.
"Джавелин" қаруын бір адам иығына қойып та ата береді. Салмағы 20 келіден сәл асатын (ракетасымен қосқанда) қару ракетаны 1-2 шақырымда келе жатқан танкінің төбесіне қарай бағыттай алады. Ал ракета танкіге тигенде ішіндегі экипаж сыртқа шығып үлгермейді. "Джавелинді" жасап шыққан Lockheed Martin компаниясы бұл қарудан атылған ракета траекториясын танкінің ең осал тұсы – төбесіне қарай бағыттауға болатынын айтады.
Your browser doesn’t support HTML5
Бірақ "Джавелин" қаруынан атылған ракетаны қарсылас тараптың ракетаға қарсы құрылғылары қағып түсіруі де мүмкін.
Америкалық әскери Task & Purpose сайтының жазуынша, Javelin қаруын қолдануды үйрену көп уақыт алмайды.
"Джавелинді" үйренуге 20-30 минут керек. Қарудың көздейтін жері видео ойындарға ұқсайды. Сондықтан мұны әскерге жаңа ғана қосылған солдаттар да тез меңгеріп алады. "Джавелин" танкіні үстінен және жанынан ата алады. Бұған қоса, бұл қару жай ұшып бара жатқан я төмен ұшатын ұшақтарды да атуға қауқарлы" деп жазады сайт.
Бұдан бөлек, ресейлік танкілердің көбі ракеталардың соққысына тойтарыс беретін реактивті динамикалық қорғаныс орнатылған. Бірақ "Джавелиннен" шыққан ракетада екі бірдей оқтұмсық бар. Біріншісі динамикалық қорғанысты бүлдіреді де, екіншісі танкіні қиратады.
Вашингтондағы Америка қауіпсіздігі институтының (Centre for a New American Security) аға әскери қызметкері, теңіз әскерінің полковнигі Джеймс Фрей Task & Purpose сайтына берген сұхбатында "Джавелинді" ата салып, қашып кетуге болады. Сондықтан қарсылас тарап ракетаны кім атқанын таппай қалады" деген.
"Джавелиннің" артықшылығы – танкіні көрдім, аттым және қашып кеттім. Тағы бір жерге барып ракетаны орнаттып, тағы да атуға болады" дейді Фрей.
"ДЖАВЕЛИН" ҚАЙ СОҒЫСТАРДА СЫНАЛДЫ?
Әскери сарапшылар қазір болып жатқан соғыста Украина танкіге қарсы осындай қарулардың арқасында Ресейдің танкілері мен бронетехникаларын жойып жатыр деп санайды.
Украинада соғыс басталғанда АҚШ Украинаға танкіге қарсы "Джавелин" қаруы жіберген. Кейін тағы 2 мың данасын жеткізген. Қазір бұл қару Украина әскерінің көзірлерінің біріне айналды.
Army-technology.com сайтының жазуынша, АҚШ "Джавелинді" Ауғанстан мен Ирактағы соғыстар да қолданған.
"Қазір АҚШ пен оның 19 одақтас елінің әскерінде 50 мыңдай "Джавелин" ракетасы бар. АҚШ бұл қаруды 2050 жылға дейін қолданбақ" деп жазады сайт.
Army- technology.com сайтының дерегінше, "Джавелин" қаруы АҚШ, Украина және Британиядан бөлек, БАӘ, Тайвань, Оман, Чехия, Бахрейн, Литва, Иордания, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Ирландия әскерлерінде де бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей "Қанжарын" алып шықты. Мәскеу гипердыбыстық ракетасын қолданды. Бұл қандай қару?