Ресей соғыс ашқалы бері бес миллионнан астам адам Украинадан босып кеткен. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен бергі Еуропадағы ең ірі миграциялық дағдарыс, деп жазды БҰҰ дерегіне сүйенген AFP агенттігі.
Босқындардың басым бөлігі яғни, шамамен үш миллион адамды Польша қабылдаған. Украинаның өз ішінде жеті миллион адам басқа өңірге көшуге мәжбүр болған.
Украинадағы балалардың үштен екісі жақындарымен бірге үйлерін тастап кеткен. Олардың бір бөлігі елден кетсе, бір бөлігі басқа өңірге қоныс аударған.
Украинадан Ресей аумағына 400 мыңнан астам адам кірген.
БҰҰ дерегінше, елде босып кеткендер көбеюімен қатар Украинаға оралып жатқандар да бар. Халықаралық ұйым мәліметінше, 870 мың адам еліне оралған.
Осыған дейін БҰҰ 24 ақпаннан бері Украинаның 2 мыңға жуық бейбіт тұрғыны қаза болғанын, 150-і бала екенін мәлімдеген. Бұл көрсеткіш көп болуы да ықтимал, себебі шайқас қызу жүріп жатқан аймақтардан ақпарат кешігіп жетеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 11-17 сәуір арасында не болды?