Экспорт шектеудегі мүдделер қайшылығы. Қазақстан бидайы қай диірменге барады?

Астық жинау науқаны. Көрнекі сурет.

Санкция салдарынан Ресейдің астық экспортын уақытша тоқтатуы Қазақстанды да бидай мен ұн экспортын шектеуге мәжбүрледі. Бұл астық қажеттілігін негізінен Қазақстан бидайы арқылы өтейтін көрші елдерге қалай әсер етуі мүмкін?

15 сәуірден бастап, Қазақстан бидайға және ұн өнімдеріне шектеу енгізетінін жариялады. Бұл маусымның 15-іне дейінгі аралықты қамтымақ. Шектеудің одан кейін де созылу-созылмауы белгісіз. Оның мақсаты ретінде ішкі нарықта туындауы мүмкін астық тапшылығының алдын-алу ретінде жарияланды. Осы шараға сәйкес экспортталатын бидай мөлшері – 1 млн тонна, ұн өнімдері 300 мың тоннадан аспауы тиіс квота белгіленді.

Бұл шара Ресей өзге де Еуразия экономикалық одағы елдері үшін (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан) астық экспортына 15 наурыз – 30 маусым арасында уақытша тыйым салынған соң қолға алынды. Ресей бұл әрекетті санкциялардан кейінгі ішкі азық-түлік нарығын қорғау ретінде түсіндіруге тырысады. Ресейдің бұл әрекеті ұн экспортын қамтымайды, тек астыққа ғана қатысты өрістеп отыр.

НЕГЕ ҰН ӨНДІРУШІЛЕР?

Осыдан кейін Қазақстанда ұн өндірушілер мен астық өңдеушілер Ресейден импортталатын арзан астықтың жоқтығынан диірмендер тоқтайтынын айтып, дабыл қаға бастады. Олар жергілікті бидайдың қымбатқа түсетінін, бірақ қазір сол қымбат бидайдың өзі бар-жоғы белгісіз екенін айтады. Ұн өндірушілер сондайда Ресейдегідей астық экспортына тыйым салуды талап еткен. Алайда үкімет бидаймен қатар ұн экспортына шектеу салды. Бұл астық өңдейтіндер үшін күтпеген оқиға болған сияқты.

Ұн қаптары. Көрнекі сурет.

Ұн өндірушілер Ресейден келетін астыққа тыйым салынғанымен, ресейлік ұнға шектеудің жоқтығына алаңдайды. Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган бұл туралы Zakon.kz тілшісіне сәуірдің 1-інде берген түсінігінде «Қазір ресейлік ұнның экспансиясы байқалады. Жоқ дегенде шекаралас аудандарға бағасы әлдеқайда арзан ресейлік ұн келеді» дейді. Айтуынша, астыққа екі айға белгіленген квотаның 1 млн тонна болып бекітілуі ұн өндірушілерді таңғалдырған. Өйткені соңғы үш жылда онсыз да екі ай ішінде осынша астық экспортталып келген. Ган осы екі ай ішінде экспорттаушылардың астық пен ұнның 10 пайызын арзандатылған бағамен Азық-түлік корпорациясына сатуға міндеттелуін де ұн өндірушілерге тиімсіз деп санайды. Азық-түлік корпорациясы сатып алатын астық пен ұн бағаны ұстап тұру үшін Тұрақтылық қорына жұмсалмақ.

Ресей астығының әр тоннасын бұрын 115-118 мың теңгеден (264-271 доллар шамасында) сатып алатын Қазақстан ұн өндірушілері осы арқылы қазір жергілікті астықтың тоннасын 150-160 мың (шамамен 329-351 доллар) теңгеден сатып алуға әзір емес екенін білдіргісі келеді. Олар Ресей ұнын алып тұрған кезде Қазақстан ұнының бағасы тоннасына 120-122 мың теңгеден (275-280 доллар мөлшерінде) айналатын.

ҚОРДАҒЫ АСТЫҚ ПЕН ҰН ҚАНША?

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі ұн өндірушілердің алаңдауына реакция білдіріп, астық тапшылығын жоққа шығарған. Министрлік экспортқа шығатын астық және ұнға квота енгізілуін бұл өнімдерге деген көрші елдер нарығындағы ұсыныстың арттыруымен байланыстырады.

Ведомство ішкі қажеттілікті өтейтін және әдеттегідей экспортқа шығаратын астық мөлшерінің жеткілікті екендігін айтады. Осы туралы өткен баспасөз мәслихатының бірінде ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров «Азаматтарды елді дүрліктірмеуге және жеке мүдделердің сұрақтарын халықтың қамы деп шатастырмауға шақырамыз» деген.

Сапаровтың айтуынша, сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша 6,4 млн тонна азық-түлікке бағытталған бидай бар. Сәуірдің 7-сіндегі жағдай бойынша ұн қоры 118 мың тоннаны құраған. Мұның сыртында Азық-түлік корпорациясының ресурстарында 800 мың тоннадан астам ұн сақтаулы тұр. Керек жағдайда оны да жағдайды тұрақтандыру үшін пайдалануға болады.

Ақтау портында экспортталатын бидай жүк кемесіне тиеліп жатыр. Көрнекі сурет.

Қазақстан бұған дейін де әртүрлі себепке байланысты астық экспортына уақытша шектеу енгізген кездері болған. Мәселен, соңғы рет 2020 жылы коронавирус пандемиясынан туындаған төтенше жағдай кезінде Қазақстан бидай мен ұн экспортына квота енгізген.

Ал биыл Украинадағы соғыс салдарынан соңғы апталарда астық экспортын шектеген елдердің саны Әлемдік банктің есебінше 35-ке жеткен. Соғыс ірі астық экспорттаушы Ресей мен Украинаның астық саудасындағы үлесін азайтып отыр.

НЕГЕ ОСЫЛАЙ БОЛДЫ?

Соңғы жылдарғы қуаңшылық Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Омбыға аймағына дейін таралды. Тиісінше бидайдың шығымы аз болып, сұраныс көбейді. Соңынан астық бағасы қымбаттады.

Сондай жағдайда Ресей кейде өсіріп, кейде түсіріп бидай саудасынан экспорттық төлем алып отырды. 2020 жылдың соңынан бастап бидайға тарифтік квота қолданған Ресей былтырдан бері астық экспортына тұрақты түрде еркін төлем, астық демпферін енгізді. Бұл шараның мақсаты ішкі нарықтағы бағаны бір қалыпта ұстап тұру ретінде жарияланды. Дегенмен мұндай шектеу Еуразия экономикалық одағы елдеріне қолданылмай келген. Бұл әсіресе, Ресейдің теңіз жолдарынан қашықта жатқан, Орал мен Сібір арасындағы аймақтарының астығын тұтынатын көршілес Қазақстан және өзге де Орталық Азия (ОА) елдеріне тиімді болып келген. Ресейдің бұл өңірлеріндегі астықты Қазақстан ұн өндірушілер өздері қалаған төмен нарықтық бағамен, ешқандай төлемсіз алып келген. Алайда Ресейдің Украинадағы соғысы салдарынан санкцияға ұшырауы Мәскеудің астық экспортына тыйым салуына себеп болды.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, кезінде Ресейдің арзан бидайын алған қазақстандық ұн өндірушілердің қоймаларындағы ұн таусылған жоқ. Алда жаз келе жатыр. Алайда ұн қоймада қала берсе, бұзылады, сыны кетеді. Сондықтан астық өңдеушілер мен ұн өндірушілер қолдағы ұнның тезірек сатылуына мүдделі.

Базарда сатылып жатқан ұн.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган өз қоймаларында бұрын сатып алған Ресейдің арзан астығы екі аптаның ішінде таусылады және екі айдың ішінде диірмендер де тоқтайды деген пікір білдіргелі екі аптадан аса уақыт өтті. Бірақ әзірге қалалардағы дүкендер мен базарларда ұн тапшылығы байқалмаған.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше наурыздың 1-індегі жағдай бойынша, азық-түлікке бағытталған бидайдың қоры 5,9 млн тоннаны құраған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғарыдағы өкілі одан да көбірек, 6,4 млн тонна деген санды айтып отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, оның 3 млн тоннасын экспортқа шығаруға болады. Соның 1 млн 600 тоннасын қыркүйек айына дейін, яғни кезекті орақ науқанына дейін ұнға айналдырып, нан өнімдері ретінде тұтынуға болады.

Сарапшылар Ресейден келетін арзан астық импортының тоқтауы жергілікті диқандарға тиімді деп санайды. Балама болмағаннан кейін жергілікті бидайға сұраныс артады. Бұрын жергілікті астықты экспорттаушылар ғана сұраса, енді оған ұн өндірушілер қосылады.

Украинадағы соғыс салдарынан Ресейге салынған санкция долларды қымбаттатты. Бидайға арналған дәрілер, тыңайтқыш, техниканың қосалқы бөлшегі – бәрі де сырттан долларға сатып алынатындықтан диқандарға түсетін салмақ ауыр. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Сондай кезде диқандар өз бидайын өздеріне тиімді бағаға сату мүмкіндігіне ие болып отыр деп санауға болады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ЭКСПОРТТА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Ресейдің астық экспортына салған тыйымы Мәскеу ОА-ға мүлде астық сатпайды дегенді білдірмейді. Егер Орталық Азия елдері жоғарыда аталған ресейлік квотамен астық алам десе, оған кедергі жоқ. Мәселен, Қырғызстан Ресейден 450 мың тонна бидайға квота сұрап, келіссөз жүргізіп жатыр.

Ал Өзбекстан үкіметі азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету үшін Қазақстаннан 100 мың тонна бидай мен ұн сатып алу туралы қаулы шығарып, тағы да 500 мың тонна астық алуды жоспарлаған. Өзбекстан мұндай шешімге Қазақстан астық пен ұн экспортына шектеу қоймай тұрған кезде келген. Алайда Қазақстанның шектеу мөлшерінің өзі Өзбекстан өтінішін орындауға жеткілікті. Қазақстан Өзбекстанға астық өнімдерін негізгі жеткізуші болып отыр.

Мамандардың есептеуінше, соңғы бес жылда ОА - ның өзге елдері Қазақстаннан орта есеппен айына 500-600 мың тонна астық алып тұрған. Бұл жолы шектеу аясында болса да Қазақстан сол мөлшердегі астықты босата алады. Тек айырмашылық сатылатын бағасында ғана.

Экспорттаушылар сатылатын астықтың 10 пайызын Қазақстанның Азық-түлік корпорациясына арзандатылған бағамен өткізген соң, оның орнын астық жеткізілетін елдегі бағадан толтыруы заңды.

ОА-ның өзге елдері үшін Қазақстан астығының бағасы қымбаттаса да, бастысы – азық-түліктің физикалық қолжетімділігі сақталады. Мұның сыртында маусым айынан бастап бұл елдердің өз бидайы пісіп, дастарханға келе бастайды.

Ұн қаптарын тасып жатқан жұмысшылар.

Сарапшылардың пайымдауынша, мәселенің саяси қыры да бар. Биліктегілер үшін де азық-түлік тапшылығынан туындайтын бүлік керек емес. Әсіресе, қымбатшылыққа наразылықтан туындаған Қазақстандағы Қаңтар оқиғасын Орталық Азияның өзге елдерінің билігі де ескермей отырған жоқ. Астық қажет еткен мемлекеттер субсидия, арзан кредит тәрізді жолдарын қарастырса да, Қазақстанның қымбат астығын сатып алады.

Қысқасы, аймақтағы астық саудасында алаңдаушылық байқалғанымен, Орталық Азия елдерінің диірмендері әне-міне тоқтамайтын сияқты.

Қазақстан – астық пен ұн саудасында ірі ойыншылардың бірі. Өнімдерін 70-тен астам елге экспорттайтын Қазақстан әлемдегі жетекші экспорттаушылардың ондығына кіреді. Қазақстан бидайының негізгі нарығын Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстан құрайды. Бұл елдердегі астық импортындағы Қазақстан бидайының үлесі шамамен 90 пайызды құрайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинаға шапқыншылығы Орталық Азияға да қатты тиді