Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Темір көпір ауылының балалары екі күннен бері мектепке бармай отыр. Бұған ескі мектеп ғимаратының мүшкіл хәлі себеп. 15 шақты ауыл тұрғыны 19 сәуірде ауылдан 130 шақырым жердегі Ақтөбе қаласына келіп, облыс басшыларына наразылығын айтты.
- Балаларымыз екінші дүниежүзілік соғыстан бұрын салынған ғимаратта оқып жүр. Оның өзі мектепке лайықталмаған, бұрын теміржол станциясының ғимараты болған жер. Іргетасы жарылып, қабырғалары сөгіліп тұрған ескі ғимаратты көмірмен жылытады. Мектеп дегеніміз ортасын пеш бөліп тұрған екі бөлме, - дейді ауыл тұрғыны Нәдірбек Есенбаев.
Темір көпір ауылындағы бастауыш мектепте 28 бала оқиды. Бастауышты тәмамдаған балалар ауылдан сегіз шақырым жердегі Сағашилі интернатына ауысады.
- Ауылымызда мектеп жасындағы 98 бала бар. Оның 28 бастауыш мектепте, 28 көрші ауылдағы интернатқа қатынап оқиды. Қалғандары аудан мен облыс орталығындағы туыстарының үйінде. Интернатқа балаларды дүйсенбі сайын жеке көлігімізбен жеткізіп саламыз. Көлігі жоқтар қысы-жазы жаяу қатынайды. Мектеп автобусы бар. Бірақ оның "бензин жоқ" деп жүрмейтін кезі көп. Ал бастауыш мектептің төбесі құлайын деп тұр. Маған баламның амандығы қымбат. Сондықтан мектепке жібермей отырмын, - дейді Темір көпір тұрғыны Гүлмира Төлегенова.
Бастауыш сыныптың 28 оқушысы 18 сәуірден бері мектепке бармаған. Құлайын деп тұрған мектептің жайын аудан, облыс басшыларына "айта-айта шаршаған" тұрғындар сейсенбі күні үш сағат жол жүріп, Ақтөбе әкімдігіне келді. Сөздерінше, Мұғалжар ауданының басшылары Темір көпір ауылындағы ескі үйді үш миллион теңгеге сатып алып мектеп етпекші. Алайда тұрғындар мұнымен келіспей отыр.
- Ауылға алпыс орындық мектеп салынады деген сөз осыдан бес жыл бұрын айтылды. Күнде ертеңмен келе жатыр. Мектеп бүгін-ертең құлайды. Билік ыждағаттап мәселені шешудің орнына балаларды ескі әрі тар үйден тағы сондай жерге көшірмек, - дейді Ақтөбеге келген ауыл тұрғынның бірі Тюльпан Душыбаева.
Наразыларға шыққан Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың сөзінше, Темір көпір ауылына алпыс орындық мектеп салу үшін 2018 жылы құны 290 миллион теңгелік жоба жасалған. Бірақ жоба жүзеге аспай қалған. "Қазіргі жағдайда мұндай қаржыға алпыс орындық мектеп салу мүмкін емес. Сондықтан алдымен жоба түзетіліп, сосын облыс бюджетінен қосымша қаржы сұрайтын боламыз" деді Алдияров.
Бірақ наразы жұрт құрылыс басқармасы, білім басқармасы өкілдерінің тіпті Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың да жауабына қанағаттанған жоқ. "Бізді облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзімен кездестіріңіздер!" деп талап қойды. Алайда облыс басшысы наразылардың алдына келмеді. Ол әкімдік маңындағы "Аманат" партиясының Ақтөбедегі кеңсесінде екенін естіген наразы топ, сол жерге барып, әкімді сол жерден тапты.
Әкім Оңдасын Оразалиннің "құрылысты биыл бастауға тырысамыз" деген уәдесін алғаннан кейін Темір көпір тұрғындары ауылдарын бетке алды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, облыста құлайын деп тұрған бес мектеп бар. 1939 жылы сабан кірпіштен салынған Темір көпір бастауыш мектебі - соның бірі.