Конституцияны реформалау жөніндегі жұмыс тобының кейбір мүшесі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "тарихи рөлін" конституцияға бекітпеу жөнінде қосымша ұсыныс жіберді. Бұл туралы 4 мамыр сәрсенбі күні мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин өзінің телеграм-арнасында мәлімдеді.
Қариннің сөзінше, жұмыс тобы "Назарбаевтың тарихи рөлі бәріне белгілі, сондықтан оны конституцияға жеке бекітудің қажеті жоқ" деген. Бұған дейін, конституцияны өзгерту жөніндегі жұмыс тобы "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп, мәтінін жариялаған.
Жобада қолданыстағы конституцияның 91-бабы 2-тармағында Назарбаевқа айрықша статус беретін "елбасы" сөзі өшіріліп, оның "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" дейтін мәртебесі қалатыны жазылған. Жұмыс тобының өкілдері бұл өзгерісті "Назарбаевтың тарихи рөлін бағалау" деп түсіндірген және конституциядан "елбасы" статусы алынса соған сәйкес 2000 жылы қабылданған "Тұңғыш президент – елбасы туралы" конституциялық заңның да күші жойылатынын айтқан.
Бұл заңда Назарбаевтың өзі мен отбасы мүшелерін қылмыстық жауапқа тартуға болмайтыны жазылған. Бірақ Назарбаевты конституцияға бекітуге қарсылар 91-баптың 2-тармағынан бұрынғы президент туралы сөз-сөйлемдерді түгел алып тастауды талап еткен.
Конституциялық кеңес 4 мамыр күні "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына қатысты шешімін жариялады. Заң жобасын кеңестің тексеруіне 22 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған. Жобаны оң бағалаған кеңес "өзгерістер қолданыстағы конституцияның 91-бабы 2-тармағына сәйкес" деп қорытынды шығарды. Алайда кеңестің қорытындысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ештеңе жазылмаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда экс-президенттің құқығы "Президент туралы" заңда да қамтылған. Бұл заңның 4-тарауына сай, экс-президент өмір бойы Конституциялық кеңестің мүшесі болады. Оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкім тиіспеуі тиіс, ал "абыройы мен қадір-қасиетіне" қол сұққандар "заң бойынша қудаланады".
Заң бойынша, бұрынғы президент өмір бойы зейнетақымен қамтамасыз етіледі; пәтер, саяжай, жеке күзет, көлік беріледі; тегін медициналық көмек көрсетіледі.
"Экс-президент мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң президент өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi" деп жазылған заңда.
Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың билікке ықпалы әлсіреді, ал Тоқаевтың билігі күшейді дейді. Тоқаев өз сөздерінде Назарбаев пен оның айналасын сынға алып, Назарбаевтың жақындарын қызметтен алған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мәжілістегі депутаттық мандатын тапсырып берді. Экс-президентің немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевтар әулетінің құдасы Қайрат Боранбаев "ақша жымқыру" айыбымен қамауға алынды.
Назарбаев билік құрған 29 жылда оның қыздары мен айналасындағы жақындары елдегі ең бай адамға айналды. Оның қыздары мен күйеубалалары, жақындарының шетелдегі үйлері мен офшордағы есепшоттары бары анықталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Назарбаевсыздандыру" науқаны, "Отбасын шетелде қудалау" һәм жүйені бейімдейтін Тоқаев