6 мамыр күні кешке Шымкент қалалық соты адвокат Ғалым Нұрпейісов пен әйелі, заңгер Шалипа Бекқұлованың үйін тінту туралы қалалық тергеу сотының қаулысын заңсыз деп тану туралы апелляциялық шағымды қанағаттандырмады. Сотқа шағымды адвокат пен жақтастары түсірген.
Нұрпейісовті қорғау үшін сот процесіне кемінде төрт адвокат қатысқан. Сот процеске журналистерді қатыстырмады, іс жабық қаралды.
23 сәуірде Шымкент қаласы тергеу сотының қаулысымен ҰҚК-ның Шымкент қалалық департамент қызметкерлері адвокат Ғалым Нұрпейісовтің үйін тірткен. Олар тінтуді адвокаттың әйелі, «Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының заңгері Шалипа Бекқұлованың ісімен байланыстырған. Бекқұлованы Шымкенттегі қаңтар оқиғасына қандай да бір қатысы бар деп тергеген. Тергеу сотына тінту туралы талапты Шымкент қалалық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев түсірген.
- Соңғы бір апта бойы прокуратураның тергеуінде болдық. Тінту кезінде де бірнеше рет тергеушіге бұл құқық қорғаушымен бірге адвокаттың үйі екенін ескерттім. Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң бойынша адвокаттың мүлкі, оның ішінде ұялы байланыс құралдары, аудиоаппаратурасы, компьютері тексерілуге жатпайды. Шалипаның ісі деп үйге келгенімен тінту кезінде ешқандай зат алынбағанымен, менің, яғни адвокаттың компьютері мен іс қағаздарын видеоға түсірді. Бұл - адвокаттық қызметтің мемлекет берген кепілін бұзу деген сөз, - дейді Нұрпейісов Азаттыққа.
20 сәуір күні "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасында Шалипа Бекқұлованың тергеліп жатқанын хабарлаған. Нұрпейісов мұны "Қаңтар ақиқатын анықтауға тырысып жатқан құқық қорғаушыларға қысым жасау талпынысы" деп бағалаған.
Қазақстанда құқық қорғаушылар жиі қысымға ұшырайды. Осыған дейін халықаралық жиындарда Батыс елдері Қазақстан билігінен құқық қорғаушыларды, белсенділерді, журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырған.
2 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газдың бағасының қымбаттауына қарсы басталған наразылық Қазақстанның басқа аймақтарында қолдау тапқан. Бейбіт басталған наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласқан. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің түрлі бабымен мыңдаған іс қозғалып, жүздеген адам күдікті ретінде қамауға алынған. Құқық қорғаушылар бірігіп, мұқтаж азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен. Олардың ішінде "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қоры да бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуіАдвокат Ғалым Нұрпейісов ҰҚК қызметкерлері үйін тінтігенін хабарлады"Болашақта қайталануы мүмкін". Тергеудегі адамды азаптағандар жазасыз қала бере ме?