Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко теңіз портының жағалауында Үрдік мүйісінен Баутин шығанағына дейінгі аралықта 64 итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балық өлексесі табылған. Бұл жөнінде Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасы хабарлағанын Lada.kz жазды.
Итбалықтардың өлексесі жағалауды жоспарлы түрде тексеріс кезінде табылған. Бұл факті бойынша экологтар мен жергілікті атқарушы органдар жұмыс тобын құрып, аталған ауданды тексеріп шыққан.
— Шіріп, бұзыла бастаған өлекселер оңтүстік-батыстан соққан қатты дауылдан соң жағаға шығып қалған. Лабораториялық сараптама жасау үшін өлексе бөліктері мұздатқыш камераға салынды. Су мен ауа да сарапталады, — дейді Маңғыстау облысының балық инспекциясы.
Каспий теңізінің Қазақстан жағында итбалық қырыла бастағаны жайлы ақпарат өткен айдан бері жиілей түскен. 27 сәуірде Каспий жағасынан 94 өлексе табылған. Қазақстанның балық шаруашылығы комитеті өлекселердің қатты бұзылуына байланысты лабораторияда зерттеу мүмкін болмағанын хабарлаған.
4 мамырда Экология министрі Серікқали Бірекешев Маңғыстау облысында итбалықтардың неден қырылғанын анықтау үшін кемі бір ай уақыт кетеді деген еді. "Итбалықтардың қырылғанына Солтүстік Каспий жобасының операторы NCOC концорсиумының терең бұрғылау жұмыстары әсер етуі мүмкін бе" деген сауалға министр "итбалық өлекселері NCOC кенішінен 150 км қашықтан табылды" деп жауап берген.
Өткен айдың соңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Ресей шекара қызметімен бірлескен шара барысында 109 адам ұсталып, 52 түрлі жүзгіш құрал мен жүздеген шақырымға жететін ау тәркіленгенін хабарлаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каспий теңізі жағасындағы итбалықтардың өлуіне балықшылардың әрекеті себеп болуы мүмкін