Бүгін Алматыдағы "Тянь-Шань" қонақ үйінің залында баспасөз жиынын өткізген Болат Әбілев "Біздің таңдау" деп аталатын саяси партия құрылатынын мәлімдеді. Жиынға бастамашыл топ мүшелері қатысты. Арасында саясаткер Рысбек Сәрсенбай, қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова, 1999-2000 жылдары Ұлттық банк төрағасының орынбасары болған Ескендір Бейсенбетов бар.
Болат Әбілев "Партия құрылмай жатып, биліктің қысымына кезікті" деп санайды.
- Баспасөз жиыны 12 мамырда өтуі тиіс еді. Бір күн қалғанда қонақ үй әкімшілігі "зал бос емес" деп өткізуден бас тартты, - дейді ол.
Бастамашыл топтың сөзінше, "Біздің таңдау" партиясы тіркелсе, "совет өкіметі кезінде ашаршылықты, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын, 2011 жылғы Жаңаөзен қантөгісін, 2022 жылдың басындағы Қаңтар көтерілісін, саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен өзге де саяси астары бар кісі өлімдерін қайта зерттеумен шұғылданатын тәуелсіз комиссия құруы мүмкін".
Болат Әбілевтің айтуынша, жаңа партия Қазақстанды Ресейге тәуелді ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан, Еуразия экономика одағынан шығуды көздейді.
Тіркелмеген партия Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне де тексеріс жүргізгенді қолдайтынын айтады.
- Жеке басқа табынуды тоқтатып, Нұрсұлтан Назарбаев атымен аталатын барлық нысандардың атын өзгертеміз,- деген бастамашыл топтың сөзінше, Қазақстан атауын Қазақия, Нұр-Сұлтан қаласының атауын Алаш-Орда деп өзгерту жөнінде де бастама көтермек.
2013 жылы қыркүйекте Болат Әбілев "саясаттан кететінін, бірнеше жыл шығармашылық жоспарын жүзеге асырғысы келетінін" мәлімдеген еді. 1990 жылдардың басында Қазақстанда "Бутя" (BUTYA) деп аталатын жеке меншік фирманың негізін қалаған бизнесмен ретінде танылған Болат Әбілов кейін саяси қызметке араласты. Ол 1999 жылы өткен парламент сайлауында биліктің "Отан" партиясынан депутат болып сайланған.
2001 жылы Болат Әбілев елде саяси реформаларды жүргізу туралы талап көтерген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын құруға қатысқаны үшін "Отан" партиясы қатарынан шығарылып, депутаттықтан шеттетілген.
Ол 2002 жылы ҚДТ қозғалысынан бөлінген бірнеше адаммен бірге "Ақ жол" демократиялық партиясының негізін қалады. Болат Әбілев осы партияның және кейін одан бөлінген "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағаларының бірі болып қызмет атқарды. Ал 2008 жылы "Азат" партиясы Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыұлттық социал демократиялық партиямен қосылғанын жариялады. Алайда біріккен партия тіркелген жоқ. "Азат" партиясы бірнеше жыл бойы партиялар реестрінде тұрды. Болат Әбілев "Азат" партиясы жойылған" деп санайды.
Өткен аптада 56 жасқа толған Болат Әбілев саясатта жүрген жылдары оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғалып, әкімшілік сот шешімімен қамауда отырып шыққан.
Биыл, 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін Әбілов қаңтар құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиынға қатысып, "бірінші президент туралы" заңның күшін жоюды, Назарбаев көшесін Қаңтар деп атауды, онда оқиға құрбандарына ескерткіш орнатуды ұсынған.
Бірнеше аптадан соң белсенділермен бірге Әбілов те ұсталып, әкімшілік жазаға тартылды. Акцияға қатысқандардың кейбірі әкімшілік қамауға алынды. Әбіловке айыппұл салынды.
Қазақстанда заң бойынша партия құру үшін бастама тобы құрылып, 20 мың адамның қолы керек. Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін, 16 наурызда парламентте жариялаған жолдауында Қазақстан презиенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдейтінін мәлімдеген. Партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, өңірлердегі өкілдердің саны 200 адам болатынын айтқан. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың саны да ең кемі 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады деген. Дегенмен кейбір саяси сарапшылар мәселеге күмәнмен қарайды.
Кейінгі кезде түрлі саяси топтар алдағы уақытта саяси партияға айналатынын мәлімдей бастаған.
Бұған дейін Әділет министрлігі "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құру бастама тобының құжатын тіркеуден бас тартқан. Министрліктің ресми жауабында “Саяси партиялар туралы” заңның 8-бабына сәйкес бастамашыл топ тізімінің заңға сәйкес еместігі айтылған. Бірақ нақты түсініктеме берілмеген.
Шыңжаңда қуғын көрген қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Нағыз Атажұрт" ұйым өкілдері де (олар өздерін "Нағыз Атажұрт еріктілері" деп те атайды) таяуда саяси партия құратынын мәлімдеді.
Әділет министрлігі тіркеуден бас тартты деп есептейтін "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.