Тәжікстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 18 мамырда Таулы Бадахшан автономиялы облысының Рушан ауданындағы "терроризммен күрес операциясында" тоғыз адам қаза болып, 11 адам жараланды. Наразылық акциясына қатысқан 70-тен астам адам ұсталды.
Қаза тапқандарды, жараланғандар мен ұсталғандарды құқық қорғау органдары "террористік топтың белсенді мүшелері" деп атады.
Таулы Бадахшанда байланыс пен интернет өшкендіктен ақпаратты тәуелсіз дереккөздер көмегімен тексеру мүмкін болмай отыр.
Мұның алдында Ішкі істер министрлігі Рушан ауданында сәрсенбі күні таңертең үкімет күштері мен Хорогқа апаратын жолды бөгеген тұрғындар арасында қақтығыс болғанын растаған.
Аймақта байланыс пен интернет өшірілгенге дейін жергілікті тұрғындар Озоди радиосына наразылық акциясына шыққандарда қару болмағанын, бейбіт тұрғындар қаза тапқанын хабарлап үлгерген. Алайда Тәжікстан ішкі істер министрлігі "ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен" көптеген қару-жарақ, "Молотов коктейльдері" тартып алынды деп мәлімдеген.
"200 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтар Рушан ауданының орталығында қарудың барлық түрін қолданып, Душанбе - Хорог автожолын үш жерден және шекара комендатурасына апаратын жолды жапты. Облыс прокуратурасы соған байланысты қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр", делінген Тәжікстан ІІМ баспасөз қызметінің 18 мамырда таратқан хабарламасында.
Куәгерлер болса жергілікті жастар тобы Хорогқа қарай беттеген әскери техниканың қозғалысына бөгет жасауға талпынды деп отыр. Олардың қолында қару болмаған, дейді жергілікті тұрғындар.
Ішкі істер министрлігі "қылмыстық топтар осы әрекетке алдын ала дайындалып, қару-жарақты шетелден алдырған" деп хабарлады. Бұл топтарға кімдер кіретіні, олар қаруды Таулы Бадахшанға қайдан және қалай жеткізгені туралы ештеңе айтылмаған.
Бұған қоса, министрлік "жергілікті ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін халықаралық экстремистік және террористік ұйымдар қаржыландырған, олар мемлекет қауіпсіздігін бұзуды, конституциялық құрылымға сызат түсіруді көздеген" деп есептейді. Шабуылдан бір офицер қаза болып, 13 солдат ауыр жараланды, делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Рушан ауданының тұрғындары қақтығыстан оннан астам адам опат болып, ондаған адам жараланғанын хабарлап үлгерген.
"Құқық қорғау органдарының қызметкерлері үйлерге рұқсатсыз кіріп, ер азаматтар мен жастардан 17 мамырда Хорогта өткен наразылық акциясына қатысқаны үшін іздестіріліп жатқандардың қайда екенін айтуды талап етіп жүр. Аудандағы автожолдардың бәрі жабық", - деп хабарлады жергілікті тұрғын.
Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы жағдай 14 мамырдан бері ушығып тұр. Сол күні Хорог қаласының жүздеген тұрғыны Бархорог деп аталатын жерде наразылық акциясын өткізіп, аймақ басшысы Әлішер Мирзонаботты, қала басшысы Ризо Назарзоданы қызметтен алуын, Бадахшан тұрғындарын қудалауды доғаруын, қараша оқиғасын әділ тергеуін, қамаудағы саяси тұтқындарды босатуын талап етті. Билік олардың талаптарын орындаудан бас тартқан соң, дүйсенбі күні жергілікті жастардың үлкен тобы облыс әкімдігіне қарай беттеді. Чинак деп аталатын жерде оларды Тәжікстан құқық қорғау органдарының қызметкерлері күтіп алып, наразы топқа қарсы резіңке оқ пен көзден жас ағызатын газ қолданды.
Ресми мәлімет бойынша, осы қақтығыс кезінде Хорогтың бір тұрғыны қаза болып, құқық қорғау органдарының үш қызметкері жараланды. Жергілікті тұрғындар наразылыққа қатысқан бірнеше адам жараланғанын хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тәжікстан билігі Таулы Бадахшанда "терроризммен күрес операциясы" басталғанын айтты. Тұрғындарға оқ атылғаны хабарландыДушанбеде Озоди радиосы мен "Настоящее Время" тілшілеріне шабуыл жасалдыТәжікстан Хорог қаласындағы қарсылық акциясын күшпен басқан. Бір адам өліп, үш адам жараланғанБҰҰ сарапшылары тәжік билігін памир аз ұлтын қорғауға шақырдыАҚШ елшілігі тәжік билігін Таулы Бадахшанда интернетті қалпына келтіруге шақырды