Ресей президенті Владимир Путин Украинадан астық әкетуге кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Ол бидайды Ресей басып алған Мариуполь мен Бердянск порттары арқылы, одан әрі Киев бақылауындағы порттар мен темір жол арқылы Румыния, Польша немесе Беларуське шығуды ұсынды. Путиннің сұхбатынан үзіндіні "Россия-24" арнасы келтірді.
Путин Киев Қара теңіз порттарын минадан тазартса, астық тиеген украин кемелеріне тиіспейтінін жеткізді. Ол әлемнің азық-түлік нарығындағы дағдарыс Ресей әрекетінің салдарынан нашарлады деген тұжырымды жоққа шығарды. Оның айтуынша, теріс динамика соғысқа дейін басталған.
Ресей мен Украина әлемдегі ең ірі бес астық өндірушілер қатарына кіреді. Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін азық-түлік құны күрт қымбаттады. Астық пен отынның қымбаттауы кез келген тамақ түрінің бағасына әсер етеді. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш соғыс жағдайында әлемнің 43 елінде тұратын 49 млн адамға аштық қаупі төніп тұрғанын айтты.
БҰҰ Мәскеуден Украинадан астықты Ресей порттарынан алып кетуге мүмкіндік беруді сұраған. Бұл мәселе Путин мен Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц және Түркия басшысы Режеп Ердоғанмен келіссөз кезінде талқыланған.
Мәскеу санкция алынса, азық-түлік тасымалын көбейтуге даяр екенін мәлімдеген. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті АҚШ санкциясы Ресейден ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыш экспорттауға мүмкіндік береді, демек тасымалдауға әсер етпейді деген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Мариупольден Украинаның астығы мен металын әкетуге дайындалып жатыр