Құжаттарын толық өткізген партияларды тіркемеуге негіз жоқ. Азаттық сауалына осылай деп жауап берген әділет вице-министрі Алма Мұқанова жаңа партияны тіркеуде ешқандай кедергі жоқ деп санайды.
Партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер санын азайтқанымен, әділет министрлігі партияға өтуге ниеттілер тізімін тексергенде одан кінәрат тауып, құжаттарды жиі қайтарып береді. Министрлік көбіне тізімді "өмірде жоқ не басқа партияда тұрған адамдар бар" деген уәжбен кері қайтарады, бірақ қай адамдарды айтып отырғанын нақтыламайды. Азаттық тілшісі вице-министрден осы жөнінде сұрады.
Вице-министр бұл сұраққа нақты жауап берген жоқ. Тек партияға өткісі келетіндердің қажетті мөлшері 20 мыңнан 5 мыңға азайғанын, ал қол жинау мерзімі екі айдан үш айға созылғанын ғана атап өтті.
– Екінші рет, тіпті үшінші рет болса да, құжаттарын толық әкеліп берсе, оны тіркемеуге негіз жоқ. Бұл – ұйымдастыру кезеңі, сондықтан "бізді тіркемеді" деп шу шығару – популистік әрекет, – деді Алма Мұқанова.
Бұған дейін әділет министрлігі Жасарал Қуанышәлин бастаған топтың "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу құжаттарын қабылдаудан бас тартып, бастамашыл топтың тізімі заңға сай емес екенін әрі тізімде қайтыс болған адамдар бар екенін айтқан.
Your browser doesn’t support HTML5
Әділет министрлігі өкілімен кездескен "Алға, Қазақстан" тобы қанша адамның дерегі заңға сәйкес емесін және олар кімдер екенін сұрап, нақты ақпарат беруді өтінген. Бірақ министрлік өкілі оған жауап беруден бас тартып, тұтас тізімнің сәйкес еместігін айтқан. Бұған наразылық білдірген "Алға, Қазақстан" өкілдері әлеуметтік желіде "Мен тірімін" деген видео жариялап, челлендж жасаған.
Бірнеше мәрте құжат тапсырып, тіркеле алмай жүрген саяси топтардың қатарында "Қазақстанның демократиялық партиясы" (жетекшісі – қамаудағы саясаткер Жанболат Мамай), "Біздің құқық - Наше право" (жетекшісі - Санавар Закирова) бар.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия құруды жеңілдету туралы ұсынысынан соң Қазақстанда партия құруға ұмтылғандар көбейді. Әділет министрлігінің мәліметінше, әзірге "Ел тірегі"(жетекшісі – Нұржан Әлтаев), "Намыс" (Санжар Боқаев), "Байтақ" (Азаматхан Әміртай) және "Халық дербестігі" (Жұматай Әлиев) партияларының құжаттары тіркеудің бірінші кезеңінен өткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тоқаевтың "жартыкеш" шаралары, "елбасыдан арылу" және Назарбаевтың алдағы тағдыры"Конституцияны сылап-сипап, Тоқаевтың беделін жақсарту". Референдум туралы сарапшы пікірі