Еурокомиссия Украинаға Еуропа одағы мүшелігіне кандидат статусын беруді ұсынды. Еуропа одағыны атқарушы органының бұл ұсынысын енді келесі аптада Брюссельде өтетін саммитте одаққа мүше 27 мемлекеттің басшылары талқылайтын болады.
Ұсынысты одақ мүшелерінің барлығы бірауыздан қолдаған жағдайда ғана құрамға қабылдау жайлы келіссөздер бастауға болады.
Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Украина Еуроодақ мүшелігіне кандидат деген статусқа сай болу үшін алдымен заңнамасы мен жемқорлықпен күреске байланысты бірқатар реформа жүргізуі тиіс екенін айтты. Дәл сондай кеңес Молдоваға да айтылды.
Еурокомиссия Грузияға әлгіндей статус беру жайын қозғаған жоқ. Урсула фон дер Ляйен егер Грузия бірқатар шартты орындаса, содан кейін бұл мәселеге оралуға болады деді.
Батыс басылымдары Еуроодаққа құрамына кандидат статусына тез ие болған күннің өзінде Украинаға одақ қатарына толық мүше болып қабылданғанға дейін көп жыл қажет болады дейді.
The New York Times басылымы Еурокомиссия ұсыныстары – кандидат статусын беру үшін белгіленген талаптар деңгейіне сай болуға осы елдің қаншалықты дайын екенін сипаттайтын техникалық құжат дейді. Олардың көпшілігіне Украина әлі жете қойған жоқ деп жазады басылым. Газет соғыс аяқталғаннан кейін бұл ел жемқорлық пен қиындықтарға кез болатынын ескертеді.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Еуропа елдерімен қорғаныс саласында ынтымақтастықты кеңейтіп жатқан Украинаның Еуроодақ мүшесі болуға талпынысын Мәскеу мұқият бақылап отырғанын айтты.