БҰҰ адам құқығы жөніндегі басқармасының мониторинг миссиясы 29 маусымда Украинадағы соғыс адам құқығына қалай нұқсан келтіргені жайлы баяндамасын жариялады.
Ресей Украинаға басып кірген 24 ақпаннан бері БҰҰ сарапшылары Украинаның 30-дан астам қаласында 3924 бейбіт адам өліп, 4444 адам жараланғанын анықтаған. Алайда бұл цифр мұнан әлдеқайда көп болуы мүмкін, өйткені толық растай алатын жағдайлар ғана қамтылған.
"Бір ғана Бучаның өзінде Ресей әскері кем дегенде елуден астам адамды өлтіргені расталып отыр", — дейді баяндамада.
БҰҰ 108 сексуалды зорлық-зомбылық белгілі болғанын айтады. Оның 23-і - топпен зорлау, жұрт алдында шешіндіру сияқты азаптау, қорлау. "Бұл қылмыстың 87-сін Ресей әскері жасаған, қалғаны - Украина әскері, аумақтық қорғанысы мен Украина құқық қорғау органдарының ісі" дейді БҰҰ сарапшыларының баяндамасы.
Баяндамада екі тарап та соғыс тұтқындарымен қатынас туралы халықаралық нормаларды бұзғанын, сотсыз өлтіру, азаптау, медициналық көмек көрсетпеу жағдайлары болғанын айтады.
Ұрыс қимылдарының нәтижесінде 182 медицина ғимараты, 230 оқу ғимараты бұзылған. БҰҰ Ресей басып алған жерлердегі адамды қамап тастау, ұрлап әкету әрекеттеріне алаңдайды. Сарапшылар мұндай 248 оқиға барын айтады, соның алтауы (бір әйелі, бес еркек) өлі табылған.
БҰҰ мәліметіне қарағанда, маусым айының соңына дейін Украинаның кемі 4731 бейбіт адамы өліп, 5900 адамы жараланған. 289 сәби өлген.