Күшейген күзет, өртенген көлік. Наразылық болған Нөкістен фотолар
Нөкіс орталығында өртенген көлік.
Өзбекстан бас прокуратурасы Қарақалпақстан астанасы Нөкісте 1-2 шілдеде болған наразылықтан 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланды дейді. Ресми дерек бойынша, зардап шеккендердің ішінен 94 адам ауруханада жатыр, ауыр жараланғандар да бар. 149 адам алғашқы көмек алып, үйлеріне жіберілген. 516 адам ұсталған.
Нөкістегі әскери техника.
Өзбекстан Қарақалпақстан аумағында 2 тамызға дейін төтенше жағдай және кешкі тоғыздан таңғы жетіге дейін комендант сағатын енгізді.
Қазір Нөкіста күзет күшейген.
1 шілдеде Қарақалпақстанда жұрт Өзбекстан Конституциясындағы өзгерістерге қарсы жаппай наразылыққа шықты. Ташкент Конституцияны өзгертіп, Қарақалпақстанды "егемен" статусынан және Өзбекстаннан бөліну құқығынан айырмақ болған.
2 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Нөкіске барып, Конституциядағы Қарақалпақстанға қатысты баптар өзгермейтінін айтып, Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялады. Аймаққа Ұлттық гвардия күштері енгізіліп, ұялы телефон мен интернет жұмысы нашарлады. 3 шілдеде Мирзияев Қарақалпақстандағы наразылық кезінде адам шығыны болғанын мойындады.
Нөкістегі күзет.
Ұлттық гвардия 4 шілдеде "Қарақалпақстанға президент келіп кеткен соң аймақта жағдай тұрақталғанын, тіршілік қалыпқа түсіп келе жатыр. Дүкен, базар, банк, әлеуметтік мекемелер, ауруханалар жұмыс істеп жатыр" деп мәлімдеді.
Нөкістегі әскерилер.
Қарақалпақстан - Өзбекстан аумағының 40 пайызын алып жатқан республика. Мұнда екі миллионға жуық адам тұрады, олардың арасында қарақалпақтар, өзбектер және қазақтар бар. Қарақалпақстан республикасы 1925 жылы құрылып, 1930 жылға дейін Қазақ CCР құрамында болады. 1936 жылы Өзбек ССР құрамына қосылған.
Қарақалпақстан жұрты наразылыққа шыққан сәт. 1 шілде 2022 жыл.
1990 жылы 14 желтоқсанда Өзбек ССР құрамындағы Қарақалпақ автономды республикасының парламенті толық тәуелсіздік алу жөнінде декларация қабылдаған. Алайда 1993 жылы Өзбекстан мен Қарақалпақстан келісімге қол қойып, Қарақалпақстан 20 жыл Өзбекстан құрамында болады деп келіскен.
Келісімде Қарақалпақстан Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығу құқығы қарастырылған еді. 2013 жылы бұл келісімнің уақыты біткен, ал уәде қағаз күйінде қалды.