Қостанай облысы Жамбыл ауылында 7 тамызда жоғалып кеткен бес жасар Мадина Ерланқызының мәйіті 10 тамызда өзеннен табылды. Аутизмге шалдыққан бес жасар қызды 500-ден аса адам 7 тамыздан бері іздестірген еді. Мадинаның оқиғасы аутизмге шалдыққан балалардың жағдайына тағы да қоғам назарын аударды.
"ТІРІ ТАБЫЛАДЫ ДЕП ҮМІТТЕНГЕН ЕДІК"
Қостанай облысы Жамбыл ауылында бес жасар қыз 7 тамызда жоғалып кетті деген хабар тарағалы елде оның тағдырына көп жұрт алаңдап, тірі табылып қалар деген үмітпен отырған еді. Бірақ 10 тамыз кешкісін Қостанай облысы полиция департаменті Мадинаның қаза болғанын, мәйіті өзеннен табылғанын мәлімдеді.
"Қыздың денесі дронның көмегімен табылды. Оны аға лейтенант Самат Есжанов пен ерікті Дамир Бектұрғанов Жамбыл ауылынан үш шақырым жердегі жасанды су қоймасынан тапты. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" деп мәлімдеді Қостанай облысы полиция департаменті.
Ал іздеу жұмыстарына өзі қатысқан облыстық полиция департаментінің басшысы Ерлан Омарбеков қыздың ата-анасына, облыс тұрғындарына, Қазақстан халқына көңіл айтты.
"Өте қайғылы жағдай, соңғы сәтке дейін тірі табылады деп үміттенген едік" деді ол.
Іздеу шарасына қатысқан ерікті Өмірзақ Шахбұтов та Мадинаның мәйіті судан табылды деген хабарды естіген. Ол да іздеу шарасына қатысқандардың бәрі қыз бала аман-есен табылып қалар деген үмітте болғанын айтады.
– Ауыл тұрғындары бала қамыс арасында не алқаптың бір жерінде тығылып отыруы мүмкін деп үміттенді. Аутист балалар шаршауды, аштықты, қорқуды білмейді екен ғой. Тұрғындар қыздың күніне 3-4 сағат қана ұйықтайтынын айтып жүрген еді, - дейді ерікті.
ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЛАЙ ЖҮРДІ?
Анасының сөзінше, Мадина 7 тамызда таңғы бес пен жеті арасында Қостанай облысынан 14 шақырым жердегі Жамбыл ауылындағы үйінен шығып кеткен. Бұл сәтте үйде ата-анасы болмаған, Мадина 13 және 18 жастағы әпкелерінің қарауында болған. Әпкелері таңертең оянғанда Мадинаны үйден таппай қалған.
Кинологтардың болжамынша, қыз сыртқа ас бөлменің терезесінен шыққан. Үй екінші этажда, газ құбырының бойымен күнқағарға (козырок) мініп, одан ағаш арқылы түскен. Осы кезде оны көршісі көріп, ағаштан түсуіне көмектескен. Ол баланы үйіне апарып, есігін қағып тұрғанда қыз қашып үлгерген. Бұған қоса интернетте кішкентай қыздың жүгіріп бара жатқан видеосы да тарады. Куәгерлердің айтуынша, қыз тек іш киіммен жүр және суға шомылғаны байқалған.
Мадинаға аутизм диагнозы қойылған, сөйлей алмайды, тоңғанын және ашыққанын сезбейді. Куәгерлер қызды орталық көшеден, ауыл маңынан, Қостанай-Введенка тас жолының бойынан көрген. Баланың ойын алаңында жүргені де бақылау камерасына түсіп қалған.
Мадинаны іздеуге 500-ден астам полицей, төтенше жағдай қызметі, шекарашылар, ұлттық гвардия әскері және жан-жақтан жиналған еріктілер жұмылған еді. Іздеу шарасына қатысқандар алқаптар мен егістіктерге шырын мен тәттілерге әуе шарын байлап қалдырып кеткен де.
Полицейлер мен еріктілер 33 гектар жүрегі алқабы мен 10 гектар болатын картоп алқабын қарап шыққан. Еріктілер алқаптан бала тісінің ізі қалған жүгеріні тапқан да еді. 9 тамызда іздеу тобына ұлттық гвардия әскері мен шекарашылар қосылған. Олар әуе арқылы 12 алқап, жаяу 8 алқапты қарап шыққан. Сонымен бірге Тобыл өзенінің жағасы да тексерілген.
Полиция мен еріктілер қызды Жамбылдан 9 шақырым жердегі Алтын дала ауылынан да іздеген. Еріктілердің басында 10 шақырым аумақ тексерген, кейін іздеу ауқымы 100 шақырымға кеңейген. Жүздеген адам және қазақстандықтар бес жасар қыз тірі табылып қалар деген үмітпен төрт күннен бері жақсы хабар күткен еді.
"Дос" волонтерлер отрядының мүшесі Ярослав Степанецтың айтуынша, 9 тамызда ауылға жан-жақтан 3 мыңнан астам адам жиналып, іздеуге көмектеспек болған. Мадинаны іздейміз деп Қостанай қаласынан, астанадан да адамдар келе бастаған.
"АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАНЫҢ ЖАНЫНДА ҮНЕМІ ЖАҚЫНЫ БОЛУЫ КЕРЕК"
Аутизмге шалдыққан Мадина жоғалған тұста бұл дертпен ауыратын балаларға ерекше күтім керегі тағы айтыла бастады. Нұр-Сұлтандағы Балаларды оңалту ұлттық орталығының психологы Райгүл Исина аутизмге шалдыққан балаларды көзден таса қылмау керек дейді.
– Аутизм – ауыр психикалық ауру. Олардың деңгейі оқшаулау кезінде немесе адамдармен қарым-қатынас жасағанда байқалады. Бала біреумен жүргенге қарағанда, жалғыз болғанды қалайды. Сол үшін балалар ғана емес, ересектердің де үйінен қашып кетуі жиі болады. Ондай баланың жанында үнемі ата-анасы немесе жақындары болғаны жөн, оларға ерекше күтім керек.
Еріктілер Мадина бұрын да үйінен 4-5 шақырым жерге дейін қашқанын, ол кезде ата-анасы тез тауып алғанын айтады.
Райгүл Исина үйінен бір рет қашқан бала екінші рет дәл сол әрекетін қайталайтынын айтады.
– Аутизмге шалдыққандар әлемін түсіну қиын. Өкінішке қарай, ата-аналар баласының жасына сай емес мінез-құлқына жиі мән бермейді. Баланың аутист екенін неғұрлым ерте анықтаса, оны түзету терапиясының нәтижесі де жақсы болатынан айтады. Бала жастайынан қоршаған ортамен байланысуды үйренбесе, өсе келе адамдармен қарым-қатынас жасаудан бас тартуы мүмкін, қоғамға қызықпайды. Себебі ол балада вербалды не вербалды емес қарым-қатынас дағдысы жоқ. Ата-ана да оңалту орталығына барып, маманнан аутист баланы қалай қоғамға бейімдеуді, тәрбиелеуді, онымен өмір сүруді үйренуі керек, – дейді психолог.
Маман барлық қалада аутизмге шалдыққан балаларды оңалту орталығы болуы керегін ескертеді.
– Біздің орталықтың ашылғанына 15 жылға жуық уақыт болды. Орталыққа өңірлердегі мамандар оқуға келеді. Қостанайдан келетін мамандар бар, бірақ аз. Олардың кейбірі балабақшада жұмыс істейтінін естідім. Негізі солтүстік өңірлердегі ата-аналар баласын ресейлік дәрігерлерге қаратынын жиі естимін, - дейді психолог.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Құдай баламды қараусыз қалдырмайды"Аутист бала көбейіп, маман жетіспей жатырБаланы аутизмнен анасы шығара аладыДаму ерекшелігі бар балаларды қоғам жатсына ма?