Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде "террористердің қай елден ұшып келіп, қай елге ұшып кеткенін" ішкі істер министрі Марат Ахметжанов білмейтінін айтты.
Бүгін үкімет отырысынан шыққан ішкі істер министрі Марат Ахметжановқа журналистердің бірі "Қаңтар оқиғасы кезінде президент террористер ұшақпен келген деп айтқан болатын. Олардың қай елден келіп, қай елге кеткені анықталды ма?" деген сұрақ қойған.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов:
-Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жұмыстарымен арнаулы прокурорлар тобы айналысып жатыр. Бүкіл тергеу барысын солар біледі. Біз (ішкі істер министрлігі - ред.) Қаңтар оқиғасы кезіндегі бұзақылық, ұрлық мәселелерімен ғана шұғылданамыз,- деп жауап берген.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтардағы мәлімдемесінде "террорист бандалар ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" айтқан болатын.
Тоқаев осы мәлімдемесінде "экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алғанын, террористік қауіптің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" хабарлаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл топтарды "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік банда" деп атап, олардың әрекетін "Қазақстанға шабуыл деп қарастыратынын" айтқан.
Тоқаев әуежайды басып алған "терроистер" туралы сөзін ақпан айында БАҚ-қа берген сұқбатында да қайталаған. Бұл жолы "Орталық Азияның бір қаласында арнайы дайындықтан өтіп, гастарбайтер ретінде ұшып келген террористер құқық қорғау органдарының тойтарысынан кейін Алматы әуежайынан қайта ұшып кетті" деген.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі тергеулер қорытындыларын айтқанда Қазақстан билігі "шетелде арнайы дайындықтан өткен террористер туралы" ақпарат таратқан емес.
Ұшақ рейстерін бақылайтын сайттар ақпараты 5 қаңтарда Алматы әуежайына Душанбеден бір, Ташкенттен екі ұшақ келгенін, бірақ олар әуежай қалыпты жұмыс істеп тұрғанда қонып, кейбірі қайта ұшып кеткенін, ал Алматы әуежайы дүрбелеңге қатысқандар қолында болған 7-8 сағат ішінде Орталық Азия елдерінен келіп-кеткен рейс болмағанын көрсеткен.