Өндірісте жарақат алған және кәсіби дертке шалдыққан "Қазақмыс" корпорациясының 200-ге жуық жұмысшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, тау-кен металлургия компаниясын мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады. Олардың пікірінше, 1990-жылдары елде стратегиялық нысандарды жекешелендіру процесі "заңсыз" жүрген, ал бұрын ел экономикасына қызмет еткен мыс алыбы қазір "санаулы адамдарды ғана байытып отыр". Қол қойғандар Тоқаевты "жігер танытып" қимылдауға үндеді.
Үндеу электронды үкімет порталы арқылы жіберілген. Келіп түскен хабарламада хат қаралып жатқаны жазылған.
Шахтерлер мен оларды қолдаған белсенділер үндеуді 26 тамызда әлеуметтік желіде де жариялады.
—"Қазақмысты" баяғыда-ақ халыққа қайтару керек болатын. Өндіріс бірлестігінің қалай жұмыс істей бастағаны есімізде. Ол кезде жерасты кеніште осыншалықты көп адам өлімі, жарақат алу, кәсіби дертке шалдығу оқиғалары жоқ еді. Ал қазір не болып жатыр: жап-жас балалар ауырып, мүгедектігі бар адамдар көбейген. Бұрын мұндай "жарыс" болмайтын. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда жоспарды 4-5 есе көбейтіп тастаған, қауіпсіздік техникасын да сақтауды талап етеді, бірақ мұндай жағдайда оны жүзеге асыру мүмкін емес. Қазір жұрт шахтада қатарынан он сағат жүреді, бұл адам өлтірумен пара-пара деп санаймыз. Бұрын басшылар жұмысшыларға жақын еді, ал қазір ақшаны қырып алатын бас директорлар адам танымайды. Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет меншігіне қайтару идеясы күшейді. Сол себепті осындай үндеу жасап, пікірлерімізді айтуды жөн көрдік, – деді кеншілердің бірі Дәуіт Байкенжеев Азаттық тілшісіне.
Жұмысшылар үндеуі желіде тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтілетін шахтерлар күні қарсаңында жарияланған.
Үндеуге қол қойғандар өндірістен жарақат алған жұмысшылардың да жағдайы ауыр екенін айтады. Ондаған жылдар істеп, жарақат алған немесе мүгедекке айналған жұмысшылар зейнетке шыққаннан кейін төлемнен қағылады. Төлем көлемі де өте аз.
Компания әзірге жұмысшылар үндеуіне реакция білдірмеді.
"Қазақмыс" корпорациясы мыс концентратын өндіру бойынша әлемде 20-орында, тазартылмаған және катодты мыс өндіру бойынша 12-орын алады. Корпорация Қарағанды мен Ұлытау облысындағы кен ошақтары, байыту фабрикасы және мыс балқыту зауыттарына ие. Компанияда шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
"Қазақмыс" Қазақстандағы ең бай адамдардың тізімінде бірінші орында тұрған Владимир Кимге тиесілі. Forbes оның байлығын 4,6 млрд доллар деп бағалайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Жезқазғанда митингіге шыққан жүздеген жұмысшы компания басшылығымен келіссөзді күтіп тұрТоқаев Жезқазған мен Сәтбаев қалаларын дамытуға "Қазақмыс" ұсынған 25 миллиард теңгені азсындыНазарбаевтың қызы мен күйеу баласының дәулеті артқан"Жезге бола бізді далада қалдырды". Кеніш қажетіне алынатын өз үйінде "заңсыз" тұрып жатқандардың мұң-зары"Қазақмыс" жұмысшылары ереуілге шықты