Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзге кезектен тыс президент сайлауын белгіледі. Бұл туралы ол 1 қыркүйектегі жолдауында мәлімдеді.
"Әділетті Қазақстан жолындағы түпкі әрі кешенді реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты керек" деді Тоқаев."Мен үшін мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен өз құзыретімнің мерзімін қысқартып, кезектен тыс сайлауға түсуге дайынмын" деп қосты ол.
Тоқаев сондай-ақ сайлаудан кейін парламентке президенттікті бір мерзіммен шектеуді ұсынатынын айтты.
Қазіргі заң бойынша, бір адам бес жылдық екі мерзімге сайлана аланады.
Тоқаевтың қазіргі мерзімі 2024 жылы аяқталады. Мұның алдында ол екі мерзімнен артық отырмайтынын айтқан.
Биыл маусымда Қазақстанда конституцияға түзету енгізу жөнінде референдум өткен. Бұл түзетулер ата заңнан Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтарды алып тастады.Референдум қарсаңында Тоқаев президенттік мерзімін нөлге теңестірмейтінін айтқан.
Тоқаев президенттікке 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң келген. Ресми нәтиже бойынша, оған сайлаушылардың 70 пайызы дауыс берген. Сайлау барысында билікке қарсы наразылық күшейді. Полиция наразыларды жаппай ұстады. Оппозиция мен тәуелсіз бақылаушылар сайлау кезінде бұрмалау фактілері көп болды деп мәлімдеді.
Батыс бақылаушылары Қазақстанда бірде-бір сайлау еркін, әрі әділетті өтпеген дейді. Билік сыншылары Тоқаев та, Назарбаев та адам құқықтарын бұзып отыр деп айыптай сөйлеген. Ресми Нұр-Сұлтан бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, елде адам құқықтары сақталатынын айтқан.