1 қыркүйектегі жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы қатысушыларына бір реттік рақымшылық жасалатынын мәлімдеді.
"Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым" деді Тоқаев.
Тоқаевтың сөзінше, бұл рақымшылыққа тәртіпсіздік ұйымдастыруға қатысқан басты күдіктілер, сонымен қатар мемлекетке опасызсыздық жасау және билікті күшпен басып алуға айыптылар жатпайды.
Қаңтар оқиғасынан кейін қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қамауға алынып, оларға қызметін асыра пайдалану, мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу секілді айыптар тағылды. Бірақ ресми хабарларға қарағанда, комитет басшысының бір орынбасары, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Самат Әбішке ешқандай айып тағылмаған. Тек оның "тергеу орбитасында" екені, тергеуден өткені ғана айтылды.
Биыл қаңтарда Қазақстанда газ бағасының қымбаттауынан басталған наразылық бүкілреспубликалық сипат алып, арты қантөгіске ұласты, ел президенті полицияға ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Ресми дерек бойынша, оқиға кезінде 238 адам қаза тапты, оның ішінде 6 адам күш құрылымдарының азаптауынан мерт болған.
Осы оқиғаға дейін 2019 жылы президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев билікке деген ықпалы зор саналған. Сарапшылар Тоқаевтың тек Қаңтар оқиғасынан кейін ғана толық президент атанғанын айтады.