Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында бірқатар саяси және экономикалық бастамалар ұсынды. Сарапшылар бұл ұсыныстарды президенттің сайлауалды бағдарламасына ұқсатады. Тоқаев президент сайлауына түсіп, билігін жалғастырғысы келетінін ашып айтты. Болашақта президент құзыреті бес жылдан жеті жылға ұзарып, бір рет мемлекет басшысы болған адам екінші мерзімге сайлана алмайды. Азаттық Тоқаевтың уәдесі, президент пен оның оппозицияға жатпайтын қарсыластарының жоспары туралы қазақстандық сарапшы, «Қауіптерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаевтың ойын білді.
КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУ ӨТКІЗУДІҢ СЫРЫ НЕДЕ?
Азаттық: Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін, оған өзі де қатысатынын айтты. Президент сайлауда жеңіске жетсе, елді 2029 немесе 2030 жылға дейін басқаратын көрінеді. Бұл президенттің осыған дейінгі мерзімін есептен шығару әдісіне жата ма?
Досым Сәтпаев: Бұл – Тоқаев пен оның командасы ұсынып отырған президенттің осыған дейінгі басқару мерзімін есептен шығару механизмдерінің бірі. Әрине, бұл механизм [Ресей президенті Владимир] Путин немесе [Өзбекстан президенті Шавкат] Мирзияев қолданған әдіске ұқсамайды. Бірақ қарапайым арифметикаға салсақ, қазақстандық әдістің көрші мемлекеттерде қолданылып жатқан механизмдерден еш айырмашылығы жоғын көреміз. Яғни, бес жылдан екі мерзім он жыл болады. Тоқаев президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін жеті жылдық қызметін бастайды. Оның 2019 жылдан бастап ел басқарып келе жатқанын ескерсек, бәрін қосқанда, он жылдан көп шығады. Демек ол сайлауды ерте өткізіп, президент қызметінде қалу мерзімін ұзартып жатыр. Бұл да – билікті сақтап қалудың бір формасы. Саяси технология тұрғысынан алғанда, Тоқаевтың неге мұндай қадамға барғанын түсіну қиын емес.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кезектен тыс сайлау, көлік кіргізгенді кешіру және Қаңтар қатысушыларына рақымшылықАзаттық: Неге?
Досым Сәтпаев: Бұған екі себеп бар. Біріншісі: билік 2024 жылғы келесі президент сайлауына дейін жағдайды бақылауда ұстап отыра алмайтынын біледі. Қоғамда әлеуметтік шиеленіс, экономикалық мәселелер, геосаяси қауіп көп. Тоқаев пен оның айналасындағылар президенттің рейтингі қазіргіден де төмен түсіп кетуі мүмкін деп алаңдайды. Билік маусымда Конституцияға өзгеріс енгізу бойынша референдум өткізіп, кезектен тыс сайлауға дайындалып алды.
Наурыздағы жолдау мен референдум Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы болды. Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткенде билік қоғамдық көңіл-күйді бағалап, қазір Тоқаевтың рейтингі сәл де болса жақсы екенін, бір-бір жарым жылдан кейін жағдай өзгеретінін түсінді. Қыркүйектегі жолдау мен әлеуметтік-экономикалық, саяси тезистер де – сайлауалды бағдарламаның бір көрінісі.
Тоқаевты кезектен тыс сайлау өткізуге итермелеген екінші себеп: ол Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағылардың есе қайтаруынан қорықты (Қаңтар қырғынынан кейін бұрынғы президенттің көп туысы қызметінен айырылып, кей тұлғалар ақша жымқыру айыбымен тергеуге алынған. – Ред). Көктемнен бастап президенттің сөзін сөйлейтін ресурстарда (Telegram-каналдар, билікке жақын сарапшылар мен блогерлердің парақшалары) Назарбаевтар билікке оралуы мүмкін деген ой жиі айтылып жүр. Соған қарағанда, президенттің командасы қоғамға осындай месседж таратуды тапсырған сияқты.
Бұл месседж бекер пайда болған жоқ. Сондай қауіп бары рас. Тоқаев осыдан қорқып, сайлауды 2024 жылға қалдырса, элита ішіндегі қарсыластары билікті тартып алуға жақсылап дайындалатынын сезіп отыр. Мемлекеттік билікте, ұлттық компанияларда Назарбаевтың адамдары көп. Олар келесі сайлауға жақсылап дайындалып үлгереді деген қорқыныш президентті күтпеген жерден кезектен тыс сайлау өткізуге итермеледі.
Азаттық: Тоқаев жолдауда Назарбаевты мүлде аузына алған жоқ…
Досым Сәтпаев: Назарбаевтың айналасындағылармен әлі де келіссөздер жүріп жатқан болуы мүмкін. Тоқаев айтқысы келгенін наурыздағы жолдауында айтты. Осыдан кейін Назарбаев халықтың алдына шықты. Оның кей туыстары да көзге түсе бастады. Қудалауға ұшырамайтын тұлғалардың тізімі жасалып жатыр деп ойлаймын. Сонымен қатар «құрбан болатын» адамдардың да аты-жөні белгілі болуы мүмкін.
Тоқаев пен оның командасы Назарбаевтар кланымен меншік мәселесі, кімнің жеке басына тиісуге болмайтыны, кім керісінше, бүкіл кінәні мойнына алып, жауапқа тартылатыны туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Қыркүйектегі жолдауда Назарбаев туралы айтпауының себебі де осы деп ойлаймын.
Азаттық: Келер жылға белгіленген кезектен тыс парламент сайлауы туралы не айтасыз?
Досым Сәтпаев: Дәл осы жағдайдың парламент сайлауына да қатысы бар. Тоқаев есе қайтарғысы келіп жүргендер саяси бәсекеге дайындалып үлгермеуі үшін парламент сайлауын тезірек өткізіп жібергісі келеді. Парламент 2021 жылы қаңтарда құрылды. Ол кезде Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы еді (2022 жылы наурызда партия атауы «Аманат» болып өзгерді. – Ред.). Қазіргі парламентте Назарбаевтың адамдары көп. Тоқаев бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева, мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматуллин сияқты кей депутаттарды алып тастады. Бірақ Тоқаев қазіргі парламент өзіне 100 пайыз адал қызмет ететініне сенбейді. Одан бөлек, президент парламентті жаңартқысы келеді. Ол енді айналасындағылар құрған партиялар арқылы парламентке өз адамдарын тартуға тырысады.
ЖАҢА САЙЛАУ ЕСКІ ЖҮЙЕ БОЙЫНША ӨТЕ МЕ?
Азаттық: Тоқаев ұсынған бастамаларды жүзеге асыру үшін үш ай бұрын өзгерген Конституцияны қайта өзгерту керек. Бұл билікте қалу үшін Конституцияны қайта жазу дәстүріне ұқсамай ма?
Досым Сәтпаев: Мәселе – мынада: қазір «Жаңа Қазақстанда» ескі Қазақстанның елесінен арыла алмай жатырмыз. Тоқаев ұсынған механизмнің өзі кезінде Назарбаев қолданған әдістерге ұқсайды. Ол да президенттік мерзімін ұзартып, билігін заңдастыру үшін референдум өткізіп, Конституцияны өзгертті. Тоқаев та осы жолды таңдады.
Тоқаев саяси қауіптер мен өз болашағына алаңдау тұрғысынан алғанда, өз таңдауын ең тиімді нұсқа көреді. Бірақ бұл өзі жарнамалап жүрген «Жаңа Қазақстан» концепциясына қайшы келеді. Ол «Ескі әдеттерден, суперпрезиденттік жүйеден арылып, ойын ережесін өзгертеміз, либерализацияға бет бұрамыз» дейді. Ал іс жүзінде жаңа президент те мемлекеттік мүддені сылтауратып, жүйені өз ыңғайына қарай өзгертіп жатыр.
Азаттық: Тоқаев «Президент құзыретін жеті жылдық бір мерзімге дейін шектеу билікті монополизациялау қаупін азайтады» деді. Сіз бұған сенесіз бе?
Досым Сәтпаев: Жеті жылдан кейін не болатынын білмейміз. 90-жылдары Назарбаев та билікте ұзақ отырмаймын деп уәде берген.
Тоқаев үшін жеті жыл – ұзақ мерзім. Ол биыл 69 жасқа толды. Оған тағы жеті жыл қоссақ, 76-ға келеді. Оған дейін денсаулығы нашарлауы мүмкін. Ол президент мерзімі аяқталмай тұрып қайтыс болса, Қаңтар оқиғасы қайталанады. Саяси институттар, тәуелсіз сот жүйесі, қолынан іс келетін парламент құрып үлгермесек, тағы да Қаңтар оқиғасындағыдай элитаішілік кикілжіңге куә боламыз. Саяси элита билік үшін таласады. Бұл елдегі тұрақтылықты бұзып, жағдайға сыртқы күштер араласады (Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті тоқтату үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады. Ресей басқаратын ұйым Қазақстанға екі мыңға жуық әскер жіберді. – Ред.).
Азаттық: Тоқаев парламент және мәслихат сайлауынан кейін депутаттар құрамы жаңарады деді. Қазақстанда жаңадан тіркелген партия жоғын, бастамашыл топтардың көбі әртүрлі кедергілерге тап болып отырғанын ескерсек, президенттің сөзіне сенуге бола ма?
Досым Сәтпаев: Жыл соңына дейін бірнеше саяси партия құрылады. Бірақ олар Назарбаев кезіндегідей президент әкімшілігі дайындаған саяси матрица аясынан шықпайды. 2019 жыл қайталанып, сайлауда Тоқаев пен псевдоопозиция болады. Сол кездегі формат та өзгеріссіз қалады (Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 9 маусымда өткен президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан астам дауыс жинаған. Азаматтар үкіметке қарсы митинг ұйымдастырып, полиция сайлауға бойкот жариялауға шақырған наразыларды ұстап әкеткен. – Ред.).
Халықтың көзайымына айналған бір-екі партия мен жай құрылған саяси ұйымдар болады. Мүмкін парламентке жаңа саяси партия өтетін шығар. Бірақ бұл партия мүшелері президентке адал болады, олар парламент сайлауында өздеріне бөлінген рөлді ойнап шығады. Яғни, сайлау ескі жүйе бойынша өтеді. Билік бәрібір сайлауға дайындалады. Соңғы парламент сайлауында тәуелсіз бақылаушыларға шектеу күшейіп, тәуелсіз экзитполдар азайғанын көрдік.
ЭЛЕКТОРАТПЕН ОЙНАУ ЖӘНЕ САЙЛАУАЛДЫ УӘДЕЛЕР
Азаттық: Тоқаев әйелдердің зейнет жасын ұзартуды уақытша тоқтатып, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруге, Ұлттық қор табысының бір бөлігін балалардың жинақ шотына аударуға, шетелден әкелінген көліктерді тіркеу құнын азайтуға уәде берді. Бұл да сайлау алдында халықтың көңілін табу үшін берілген уәделер ме?
Досым Сәтпаев: Иә, дәл солай. Жолдаудың 80 пайызы әлеуметтік-экономикалық бастамалардан тұрады. Наурыздағы жолдау саясат пен Қаңтар оқиғасы туралы болып еді. Қыркүйектегі жолдау – сайлауалды бағдарламаның классикалық үлгісі.
Азаттық: Бұл шаралар сізге «популизм» болып көрінбей ме? Президент митингілерде айтылып, әлеуметтік желілерде көтеріліп жүрген мәселелерді атап шықты. Бірақ ешқандай түбегейлі экономикалық реформа ұсынған жоқ. Бұл бастамаларды жүзеге асыруға қанша қаржы жұмсалатыны да айтылмады.
Досым Сәтпаев: Кез келген сайлау науқаны – популизм. Барлық елде солай. Бәрі халыққа ертең жағдайымыз бүгінгіден де жақсы болады деп уәде береді.
Азаттық: Халыққа берілген уәделердің арасында Қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтарға рақымшылық жариялау туралы да айтылды. Бірақ бұл туралы толық ақпарат жоқ. Тоқаев қоғамға бірлік керегін еске салды. Рақымшылық бізді бірлікке аз да болса жақындата ала ма?
Досым Сәтпаев: Жоқ. Бүгінгі жолдауды президенттің сайлауалды бағдарламасы деп қарастырсақ, Тоқаев пен оның командасының мақсаты – оны қоғамдағы әртүрлі топтардың құлағына жеткізіп, халықтың барынша көп бөлігін қамту. Президент білім, медицина, шағын және орта бизнес – бір сөзбен, барлық сала туралы тезистер айтты. Солардың ішінде Қаңтар оқиғасы да аталды.
Қаңтар оқиғасы көп қазақстандық үшін әлі де өзекті. Көп адам әлі күнге сұрақтарына жауап таба алмай жүр. Мұны Тоқаев та, оның айналасындағылар да түсінеді. Бірақ Тоқаев Қаңтар оқиғасы тақырыбын көп қозғағысы келмейді. Бірақ бұл туралы мүлде жақ ашпауға да болмайды. Сондықтан ол рақымшылық мәселесін көтерді. Бірақ әлі де Қаңтар құрбандары, құқық қорғау қызметкерлерін жазалау туралы ештеңе айтылмады. Тек бәріне бірдей рақымшылық жасалмайды дегенді ғана естідік.
Your browser doesn’t support HTML5
Билік Қаңтар оқиғасына өз позициясынан қарап, «Айтқымыз келгеннің бәрін айттық. Қажет ақпаратты бердік. Зерттеу жүргіздік. Енді рақымшылық жариялағалы отырмыз. Болды, тынышталыңдар» деген сыңай танытып отыр. Бұл – Тоқаевқа Қаңтар оқиғасына қатысты көп талап қойып отырған азаматтарға арналған месседж. Билік ашықтықты ұнатпайды, сондықтан Тоқаевқа рақымшылық туралы мәлімдеме жасаудан басқа амал қалған жоқ. Осылай Қаңтар тақырыбын сылап-сипап өтті. Бастысы, елеусіз қалдырмады.
Ол ескертусіз оқ ату туралы бұйрығы үшін жауапкершілік алғысы келмейтін сияқты. Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде қабылдаған, жаппай кісі өліміне алып келген шешімдері үшін өзін кінәлі сезінгісі келмейді (Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан. Олардың алтауы қамауда көрген азаптау салдарынан көз жұмған. – Ред.). Өйткені Тоқаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берген Назарбаевпен бір деңгейге түсуден қорқады (2011 жылы желтоқсанда билік бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуілін күшпен басып, наразыларға қарсы оқ атқан. Қантөгіс кезінде кем дегенде 17 адам қаза тапқан. – Ред.) Назарбаев та Жаңаөзен оқиғасы үшін жауапкершілік алған жоқ. Сондықтан Тоқаев бұл тақырыпты қозғағысы келмейді.