Қазақстан шекарадан авткөлікпен көмір шығаруға уақытша тыйым салды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
Министрлік бұйрығында "Уақытша шектеу тұрғындар мен коммуналдық және әлеуметтік нысандарға арналған көмірдің шекаралас өңірлерге автокөлікпен тасымалданып, көрші мемлекеттерде қайта сату үшін шығарылған фактілердің анықталуына байланысты енгізіліп отыр" деп жазылған.
Министрлік бұл шешімін "2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы кезінде Қазақстанда көмір тапшылығын болдырмау" деп түсіндірген.
Қазақстан бұған дейін көмір экспорты бойынша Ресейдің орнын басуға (Еуропа одағы Ресей көміріне эмбарго салған) дайын екенін мәлімдеген. Eurostat мәліметіне қарағанда, Қазақстан 2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін Еуропа одағына 1,5 миллион тонна көмір экспорттаған. Бұл - 2021 жылғы экспорттан екі есе көп.
Көмір экспортын ұлғайтқанымен Қазақстанның, әсіресе, солтүстігінде күз бен қыста көмір кезегі көбейетіні байқалған. 17 қыркүйекте жергілікті БАҚ-тар Петропавл тұрғындары көмір тапшылығына ұшырап отырғанын хабарлаған. Солтүстік Қазақстан облысында жылу беру маусымы 20 қыркүйектен басталады, бірақ 17 қыркүйекке дейін облыс тұрғындарының 44 пайызы ғана көмір алып үлгерген.
Қазақстанда көмір тапшылығы 2017 жылдан бері айрықша байқалып келеді. Көмір түсіретін теміржол тораптарындағы кезек тәулік бойына үзілмейді. 2018 жылы Семейдегі көмір кезегі үшін таласта дзюдодан чемпион қаза болған, 2021 жылы көмір ала алмаған ер адам өз-өзін өртеп жіберген.