“Еңбектің наны тәтті”. Түркістан облысында ауыр кәсіпте жүрген әйелдер туралы көрме ашылды
Көрмеге елу шақты адам жиналды. Келушілер әр кейіпкердің хикаясын оқып, жоба авторларының естелігін тыңдап, аймақтағы қарапайым шаруа әйелдердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жанат Қалметова – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш аң үйретуші. Ол бала күнінде цирк әртісі болуды армандаған. Бірақ ата-анасы қарсы болған соң басқа саланы таңдаған. 40 жасында “Шымкент циркіне” жұмысқа тұрып, Симба және Лео атты абадандарды екі айлық кезінен бастап өсіріп, циркте өнер көрсетуге тәрбиелеген. Бүгінде қос арыстан “Аңсыз цирк” жобасы бойынша зообаққа өткізілген. Жанат Қалметова бар мейірімін төгіп өсірген арыстандарын көруге жиі барып тұрады.
Бүбісара Тұрдықұлова отыз төрт жылдан бері рельс жөндеумен айналысады. Жиырма бес жасында ауылда басқа жұмыс табылмаған соң, жол монтері болып орналасқан. Содан бері қысы-жазы босаған, сынған бұрандыларды қатайтып, ауыстырып жүреді. Рельсті қардан тазалайды, сырғыған тастардың орнын толтырады. Күнде таңертең ауыр құрал-жабдығын арқалап, рельс бойымен 15 километр жүріп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Пойыз көрген сайын “жолаушылар аман-есен жетсін” деп тілеймін” дейді ол.
Көрмедегі әр суреттің астына QR-код қойылған. Бұл арқылы фотодағы кейіпкер туралы мақалаға өтіп, видео сұхбатын көруге болады.
Бағлан Қасымбекова – сауыншы. Отыз бес жыл бұрын кітапханашы қыз көп балалы отбасына келін болып түскен. Шағын ауылда мамандығы бойынша жұмыс табылмай, сиыр, бие саууды үйренген. Кейін ауыл адамдарының малын ақыға сауып, сауыншылыққа бет бұрған.
Жоба кейіпкері Шәрбан Тайшикова көрмені тамашалауға келді. Ол 51 жылдан бері кран айдайды. Зейнетке шықса да, сүйікті кәсібін қимай, әлі күнге алып техниканы тізгіндеп жүр. Шәрбан Тайшикова бұрын-соңды газет-журналға шықпағанын, басында “Түркістан әйелдері” туралы жобаға кейіпкер болуға ұялғанын айтады. “Есіл-дертім – жұмысым, қыздар осыны әдемі көрсетіпті” дейді шаруа әйел.
Алтын Құттыбайқызы – cегіз баланың анасы. “Алтын алқа” иегері. Қырық жылдан бері трактор айдайды. Көктемде тракторымен жер қопсытып, дән себеді. Жазда шөп шабады. Арасында көрші-қолаң мен ауыл тұрғындарының шаруасын істейді.
Фотокөрме авторлары Әйгерім Бегімбет пен Жанерке Хумар құрылыста істейтін қыз-келіншектер туралы әңгімелеп тұр.
Түркістан қаласында көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінде он бес шақты әйел жұмыс істейді. “Осы адамдар ертерек үйлі болсыншы деп жұмысымызды тезірек аяқтауға тырысамыз. Тұрғындары үйді салған адамдарға алғыс айтып жүрсін деп жұмысымызды сапалы істейміз” дейді олар.
Көрмеге келген қыз. Шымкент қаласындағы фотокөрмені 17 қазанға дейін тамашалауға болады. 8-10 қазан аралығында “Түркістан әйелдері” көрмесі Алматыда Internews-тың ұйымдастыруымен өтетін медиафестивальға жол тартады.