Мәскеумен "әңгімеден соң". Beeline ресейлік арналарды өшірмейтін болды

Your browser doesn’t support HTML5

Қыркүйек аяғында "Beeline Қазақстан" провайдері 5 қазаннан бастап бірнеше ресейлік арнаны көрсетпейтін болып шешкен. Бірақ бұл ойынан айнып, федералдық каналдарды қалдыратын болды. Бұған ресейлік ведомство ықпал еткен.

"Қашаннан бері Қазақстанда не көретінімізді Ресейдің министрлігі шешетін болған?" деп жазды журналист, азаматтық белсенді Әсем Жәпішева Twitter парақшасына. Журналист Ресей цифрлық даму министрлігінің мәлімдемесіне осылай реакция білдірді.

3 қазанда ресейлік ведомство ресми Telegram арнасына Қазақстан картасының қойылған бірнеше антенна бар суретпен бірге шағын хабарлама жариялады. Онда "Beeline Қазақстан" ресейлік арналарды өшірмейтін болды" деп жазылған.

Ресей цифрлық даму министрлігінің мәлімдеуінше, "Beeline Қазақстанға" иелік ететін Veon холдингімен әңгімелескен соң олар ресейлік ведомствоға жоспарын дұрыстағанын, ресейлік арналарды өшірмейтінін хабарлаған.

27 қыркүйекте қазақстандық ірі провайдер — "Beeline Қазақстан" 5 қазаннан бастап қатарында "Первый канал", "НТВ Мир", "Россия 24" сияқты негізгі кремльшіл каналдар бар 15 ресейлік арнаны компания пакетінен алып тастайтынын хабарлаған.

Украинадағы соғыс кезінде ресейшіл пропаганда мен фейк көбейгенін жиі айтатын оппозициялық журналистер мен азаматтық белсенділер бұл хабарды қуана қабылдап еді.

Компанияның өзі "Бұл шешімнің саяси астары бар ма?" деген Азаттық сауалына жауап бермеген. Тек "Телеарналар тізімін көрермен сұранысына қарай өзгерту — цифрлық операторларға әдеттегі жағдай" деген.

Қоғам реакциясынан соң, 28 қыркүйекте оператор өшірілетін телеарналар тізімін толықтырып қойды. Сөйтіп пакеттен алынатын арналар қатарына Батыс арналары да — France 24, Deutsche Welle, EuroNews, CNN International және BBC World қосылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азия Ресей пропагандасынан қалай қорғана алады?

АЛТЫ КҮН ІШІНДЕГІ ЕКІ МӘЛІМДЕМЕ

"Beeline Қазақстан" провайдерінің қазақстандықтар қолдауына ие болып, кейін қайта өткір сынына ұшыруының арасында бір апта да өткен жоқ.

Қазақстандық провайдердің жаңалығын алдымен ресейлік ведомство хабарлағаны тосын көрінді.

"Beeline Қазақстан" ресейлік арналарды өшіру ойынан айнығаны туралы тек ертеңіне, 4 қазанда түстен кейін жазды. Компания арналар пакетін өзгеріссіз қалдыруын "коммерциялық шешім" деп сипаттайды. Ол "[компания иесінің] Ресейлік ведомствомен әңгімелескені" туралы ештеңе жазбаған.

"Beeline Қазақстан" (немесе "КаР-Тел") компаниясы қазақстандық "Верный капитал" компаниясы мен Veon халықаралық холдингіне қарайды.

"Верный капитал" — "Beeline Қазақстан" компаниясының құрылтайшысы. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын серігі болған кәсіпкер Болат Өтемұратов басқаратын компанияға, Forbes Kazakhstan журналының мамырдағы дерегінше, "Beeline Қазақстанның" 25 пайызы тиесілі.

Провайдердің қалған акциясы халықаралық Veon холдингінің меншігінде. Оның түпкі қожайыны — Бермуд аралдарында тіркелген VEON Ltd. компаниясы. Ол ресейлік "Альфа-групп" иелеріне қарайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сауалнамалар Ресей халқы Путин мен соғысты қолдайды дейді. Бұл рас па?

"Альфа-групп" компаниясын құрған ресейлік кәсіпкерлер Герман Хан, Алексей Кузьмичев пен Михаил Фридман биыл ақпанда Еуроодақ санкциясына іліккен. Батыс елдері оларды "Қырымды аннексиялап, Украинаның тынышын бұзған Ресей билігін қаржылай қолдап, пайдаға да кенелген" деп санайды. Санкциядан соң Хан мен Кузьмичев үлестерін сатып, Фридман директорлар кеңесінен кетті.

Азаттық Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне "Beeline Қазақстан" провайдерінің ел ішінде не көрсететініне Ресей билігі араласып отыр. Министрлік мұны ақпарат қауіпсіздігі тұрғысынан қатер көрмей ме?" деп сұраған. Нақты сауалға жауап келмеді. Министрліктің баспасөз қызметі "Beeline Қазақстан" "жеке компания" екенін, жеке операторлар ісіне араласпайтынын" жазып жіберді.

— Осы жағдай арқылы екі мәселе әшкере болды, — дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов. — Біріншіден, Қазақстан өзінің егемендігін қорғай алмай отыр. Екіншіден, Қазақстандағы режим өзінің саяси мүддесін ұлттық қауіпсіздіктен жоғары қояды. Әрине, ашық қақтығысқа барсын демеймін. Дұрыс түсіну керек. Қазақстан билігі, әсіресе президенттің өзі ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін бұл жағдайда не істеу керегін анық білуі керек. Анық білетінін көрмей отырмыз. Тоқаев әкімшілігі Ресейге тәуелді қазіргі жағдайда бұл саясат өзгермейтін сияқты.

ШЕТЕЛДІК АРНАЛАРДЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ — РЕСЕЙЛІК

Ресей мен Қазақстанның экономикалық-саяси байланысында Мәскеу көбірек пайдаға кенеледі. Астана — Мәскеудің дегені жүретін екі ұйымға — Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуразия экономика одағына мүше.

Ақпарат саласында да Қазақстанға Мәскеудің ықпалы зор. Ресми дерек бойынша, елде 200-ден аса ресейлік теле-радио арна жұмыс істейді. Бұл — Қазақстандағы шетелдік арналардың 70 пайызы.

Қазақстанда Ресейдің федералдық арналары көпке қолжетімді. Елде шетелдік телеарналар кабельдік жүйе арқылы көрсетіледі. Провайдерлердің түгелінде дерлік кремльшіл арналар бар. Қала мен ауыл-аймақта көзге көп ұшырасатын спутник тәрелке арқылы азаматтар өзіне ресейлік арналарды қосып алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстанда кремльшіл пропаганданың зәрлі даусы қатты шығады"

Биыл наурызда Украинада соғыс жүріп жатқанда Қазақстанда ресейлік арналарды өшіру талабымен петиция жарияланып, оған жеті мыңнан аса адам қол қойған. Бірақ биліктен реакция болмады.

28 қыркүйекте Қазақстанның ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі қандай арна көрсететінін "әр провайдер өзі шешетінін" айтқан.

— Заңбұзушылық болса, Қазақстан заңнамаларына сай шаралар қолданылатын шығар. Бірақ әзірге бізге [ресейлік арналар бойынша] ешқандай арыз түскен жоқ, — деді министр.

Ресейлік арналар Украинадағы соғыс туралы ғана емес, Қазақстан жайлы фейктерді де жиі таратады. Былтыр күзге қарай кремльшіл БАҚ "Қазақстанда орыстар мен орыс тілділер қорлық көріп жүр", "Орталық Азия елдерінде русофобия өршіген" деген мазмұндағы хабарларды жиі көрсетті. Саясаттанушылар мұны Мәскеудің "ақпараттық шабуылы" деп бағалаған.

Ресейлік арналар көрсетілімін өзінше шектеуге тырысқан қазақстандық провайдерлер бар. Украинада соғыс бастала сала, 28 ақпанда Қарағанды облысындағы "Ремстройсервис" компаниясы "соғыс насихатына қарсымыз" деп ресейлік арналарды өшіріп тастады. Олардың орнына қазақстандық "Хабар" арнасын қосты.

Бірақ жергілікті тұрғындар наразылығынан соң компания сол күні-ақ "уақытша қолайсыздық үшін" кешірім сұрап, ресейлік арналарды қайта қосып қойды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мемлекеттік арналарының Украинадағы соғыс жайлы өтірігі