Алматы прокуратурасы азаматтық белсенді Қосай Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапты. Бұл жөнінде 5 қазанда Адам құқығы бюросында өткен баспасөз жиынында адвокат Айнара Айдарханова хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, 8-17 қаңтар аралығында "азапталған" Қосай Маханбаевтың шағымын тексерген Алматы прокуратурасы қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны 9 қыркүйекте шығарған.
—Қаулымен танысқан жоқпыз, оны жәбірленушіге, не оның адвокатына да тапсырмаған. Осылайша олар біздің шағым түсіру құқығымызды таптап отыр. Біз аталған қаулының күшін жою үшін бас прокуратура мен мамандандырылған арнайы сотқа шағым түсірдік. Қазір сот тыңдауын күтіп отырмыз, – деді Айнара Айдарханова.
Ол сонымен бірге прокуратураның "ешқандай тергеу амалдарын жүргізбегенін", сол себепті прокуратураның жауабы "шындыққа жанаспайтынын" атап өтті.
– Ешқандай сараптамамен танысқан жоқпыз, сараптама тағайындалған да жоқ. Маханбаевпен бірге мекемеде болған, тергеуге қатысқан және азаптауға куә болуы мүмкін адамдар сұралған жоқ. Маханбаев полиция департаменті қызметкерін тікелей нұсқап көрсетсе де бірде-бір күдікті жоқ. Олар сұралған, бірақ [азаптауға қатысқанын] жоққа шығарған. Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті азаптау бойынша істерді күдікті тұрмақ қорғануға құқығы бар куәгерді анықтамай жатып жауып жатқан сияқты әсер қалдырады, – деді Айнара Айдарханова.
Ол сонымен бірге маусым айынан бері қамауда отырған Қосай Маханбаевқа бұлтартпас шарасын өзгерту туралы бірнеше өтініш түсірілгенін айтты.
Тағы бір адвокат Жалғас Сапарханова Қосай Маханбаевтың қамауда отырған кезде денсаулығының нашарлағанын жеткізді. Оның айтуынша, белсендінің инфаркты бастан кешірген 73 жастағы анасының хәлі ауыр. Қазіргі кезде Қосай Маханбаев отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан оны тезірек босату қажет, деді адвокаттар.
Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған. Адвокаттары оның әрекетінен ешқандай қылмыс белгілері жоқ болғандықтан жуырда оны үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатып қалар деп үміттенеді.
Қосай Маханбаев Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған азаматтардың бірі.
Бұған дейін жәбірленушілер азаптау істерінің баяу жылжып жатқанына алаңдаған. Сәуір айынан бері ондаған адам Алматы прокуратурасына келіп, Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді, азаптауға кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен. Олардың арасында Қосай Маханбаев та болған. Полиция оны сол әрекеті үшін айыптап, 15 күнге қамаған. Кейін белсендінің бұлтартпас шарасы өзгеріп, тергеу изоляторына қамалды.
Қазақстанда Қаңтар оқиғасына байланысты мыңнан астам ұсталып, жүздеген адам терроризм, жаппай тәртіпсіздік, қару-жарақ ұрлау және өзге де баптар бойынша қамалған. Көбі өздерін полицейлердің азаптағанына шағымданған. Азаптау шағымдары көбейген тұста Қазақстан билігі азаптау фактісі болғанын мойындап, ол бойынша жүздеген өтініш келіп түскенін, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Соңғы ақпарат бойынша, күштік құрылымның 15 қызметкері күдікті танылған. Азаптау істерінің көбі жабылды.