"Ақ жол" партиясы кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайды. 6 қазан күнгі партия съезінде осындай шешім қабылданды.
Партия жетекшісі Азат Перуашевтің айтуынша, бастапқыда сайлауға түсуге алты адам ниет білдірген, алайда кейін олардың саны белгілі себептермен (біреуі ниетінен айныған, бірі партия құрамында болмаған) қысқарған.
Бейсенбі күні съезде төрт адамның кандидатурасы қаралды: қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, Ақтөбе облысының мәслихат депутаты Асқар Садықов және журналист Сандуғаш Дүйсенова.
Азат Перуашев жиналғандарды Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға үндеді.
Жасырын дауыс беру нәтижесінде, 74 делегат қазіргі президентке дауыс берді. Журналист Сандуғаш Дүйсенова кандидатурасын – 11 адам, мәжіліс депутаты Серік Ерубаевты – 23, мәслихат депутаты Асқар Садықовты 17 адам қолдаған.
"Ақ жолдан" бұрын бейсенбі күні Тоқаев кандидатурасын биліктің "Аманат" партиясы ұсынған. Партия съезінен соң "Тоқаевты қолдайтын тағы ұйымдар болғандықтан олардың басын қосатын халықтық коалиция құрылғаны" хабарланды. Аталған коалицияның бейсенбі түстен кейін өтетін жиынына Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысатыны хабарланды.
Әділет министрі Қанат Мусин 6 қазанда журналистерге "бірнеше ұйым бір кандидатты ұсына алады, заңда оған қатысты шектеу жоқ" деген.
"Заң бойынша ең әуелі кандидат сайлауға қатысуға келісуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясына тіркелген кезде қай ұйым атынан түсетінін таңдай алады. Бірнеше ұйым атынан түсу бойынша шектеу жоқ" деді Қанат Мусин.
Тоқаевтың өзі сайлауға қатысатынын қыркүйектің басында сайлау өтетінін жариялаған кезде-ақ айтқан. Сарапшылар сайлау арқылы Тоқаев өз билігін нығайтқысы келеді деп санайды.
Елде кандидатты ұсыну 11 қазанда аяқталады.