2015 жылы 8 қазанда Ninety One тобы Youtube желісіне "Айыптама" әнінің клипін жариялады. Шаштарын бояған, сырға таққан, қызыл-сары киім киген бес жігіттен құралған топтың бұл клипін қоғам үрке қабылдады. Бірақ қоғам сынына қарамастан Ninety One тағы бірнеше клипін жариялады. Артынша топтың продюсері Ерболат Беделхан топтың жанрын Q-pop (Qazaq pop) деп таныстырып, Ninety One өнер көрсетуін жалғастыра беретінін мәлімдеді. Осыдан соң Қазақстанда Q-pop жанрында өнер көрсетеміз деген оннан аса топ мен жеке әншілер шығып, ел шоу-бизнесінде жаңа субмәдениет пайда бола бастады. Алайда кейінгі уақытта Q-pop жанрында ән салатын топтардың көбі тарап кетті. Сахнада Ninety One мен санаулы топ қалды. Қазақ тілді музыканың жаңа жанрын қалыптастырғысы келген топтар неге тарап кетті? Q-pop жанры толық тоқырады ма? Азаттық Q-pop топтардың экс-мүшелерімен, продюсерлермен және зерттеушілермен осы сауалға жауап іздеді.
Q-POP, NINETY ONE ЖӘНЕ ҚОҒАМНЫҢ ҚАБЫЛДА(МА)УЫ
Қазақстандық әнші әрі продюсер Ерболат Беделхан 2014 жылы елде Ktop Idols жас әншілер байқауын ұйымдастырып, конкурстан бес жігітті іріктеп алады да, Ninety One тобын құрды. Ол бұл топ Q-pop (Qazaq pop) деген жаңа жанрда өнер көрсететінін, топтың концепциясы кореялық K-pop жанрымен (Korean pop) үндесетінін айтқан.
- Еуропалықтар мен америкалықтардан соң Корея да өз музыкасымен азиялық келбетті трендке айналдырды. Ал сіз бен біз азиат болғандықтан сол тенденцияға ілесіп кету мәселесі туды, - дейді продюсер Азаттыққа.
Ninety One тобының ең алғашқы клипі:
Уақыт өте келе Ninety Onе ерекше образбен қазақ тілінде ән айтып, қарапайым музыкалық топтан әлеуметтік феноменге айналды. Ел ішінде топтың “сахналық келбетіне” қарсы наразы топ жер-жерде митингілер ұйымдастырып, олардың концерттерін өткізбей тастады. Бірақ жігіттердің негізгі аудиториясы – жастар наразылардан көп еді. Топ жанкүйерлері Eaglez деген фанклуб құрып, жігіттерге қолдау көрсете бастады. Аз уақытта топтың видеолары Youtube-те ондаған миллион қаралым жинап, қазақ шоу бизнесінде Q-pop бағыты орнады.
Кейін Ninety Onе ел ішінде таныла бастаған соң Ерболат Беделханның інісі Есболат Беделхан Black Dial тобын құрды. Артынша Newton, MadMen, MoonLight бойзбенд топтар, қыздардан құрылған Crystals, Juzim, Blue Ice топтары және Ziruza есімді жеке әнші дебют алды. Қазір осы жобалардың ішінде тек Ninety One мен Ziruza ғана сахнада жүр.
- Жаңа бірдеңе келіп жатқанын түсіндік. Сол толқынның ішінде болғымыз келді. Менің бала кездегі арманым – сахнаға шығу еді. Бірақ ол кезде елде "той-поп" болды. Әншілердің бәрі тойға шығатын, ешкім шоу жасамайтын. Сол үшін өнер деген қандай бола алатынын көрсеткіміз келді. Ал [Q-pop жанрының] түпкі идеясы – қазақ тілін насихаттау, қазақша музыканы шетелге шығару екенін түсінгенде бұл іске барымызды салуға дайын болдық. Ашық түс, біртүрлі киімнің бәрі назар аудару болды ғой, - дейді Black Dial тобында болған Самат Қазмағамбетов (топтағы лақап аты – Тико).
Кореялық K-pop жанрының қазақ шоу бизнесіне әсерін зерттеп жүрген зерттеуші, Кореядағы Хангук университетінің жаһандық мәдени контент жөнінде PhD кандидаты Сымбат Жоламанова Q-pop жанр ретінде пайда болғанымен артынша одан үлкен затқа айналды деп санайды.
- Q-pop жанрының ең негізгі діңі – қазақ тілі. Қазақ тілінің қасына кейін мәдени элеменеттер, архитиптер қосылады. Оны біз клиптерден көріп жүрміз. Мысалы Ninety One тобының "Мен емес", "Дарын" әніне түсірілген клиптерінде қазақи айдентика сезіледі, - дейді зерттеуші.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев Ninety One тобы жайлы "Сен – мен емес" фильмінде Ninety One қазақша сөйлейтін Z ұрпаққа өзін-өзі тануға көмектесті дейді. 2021 жылы BBC сайтын шыққан Ninety One және Q-pop жайлы мақалада K-pop саласындағы сарапшы Ли Гю-Таг "Кореядағы K-pop – жеке компаниялар дамытып отырған мәдени өнім. Ал Q-pop Қазақстанның ұлттық айдентикасын нығайту құралына айналды" дейді.
2018 жылы қазанында Алматыда Q-Fest немесе Q-Pop Fest деп аталған жаңа форматтағы фестиваль өтті. Сахнада ерекше образдағы жиырмадан астам әртіс қазақ тілінде ән айтты. Бұл Q-pop топтардың алғаш бірігіп жасаған концерті еді.
- Фанаттар болып қатты қуандық. Бірінші рет ұйымдастырылған соң “кім шығады, не болады” деп күтумен болдық. "Алматы Аренаның" үлкен залында астыңғы қатар мен “фан зонасы” толып қалды, – дейді фестивальде болған жанкүйерлердің бірі Ақдидар.
ПАНДЕМИЯ, ҚАРЖЫ ТАПШЫЛЫҒЫ ҺӘМ ЕСІРТКІ ШУЫ
Q-Fest 2019 жылы да өтіп, фестивальге 19 әртіс пен топ қатысты. Сол жерде Q-pop топтарының продюсерлері "Заманауи қазақстандық музыканы дамыту жөніндегі Q-pop ассоциациясын" құрды. Жаңа топ құру үшін екі реалити шоу өтті. Соның кейінгісі Project X жобасының аясында Ерболат Беделхан екінші бойзбенді – DNA тобын құрды. Бірақ 2020 жылдың наурызында коронавирус пандемиясы басталып, Q-Fest жалғасын таппады. Пандемияға байланысты концерт-жиындарға тыйым салынып, карантин Q-pop жанрына соққы болып тиді. Бұған қоса, Q-pop топтарында ән айтқан жастар бұл жанрда пайда табу да қиын болғанын айтады.
- EQ деген топ құрғанда әкімдіктер ұйымдастыратын концерттерге тегін шығатынбыз. Тегін шығып әбден шаршаған соң "енді ақша табамыз" деп отырдық. "2020 жыл біздің жыл болады" деп жүргенде біздікі болмай қалды. Концерт жоқ, шоу бизнес өшті. Солай дағдарыс басталды. Бәріміз не істейтінімізді білмедік, – дейді Cамат Қазмағамбетов.
Саматтың сөзінше, алғашқы уақытта шығындарын продюсер өтеген, бірақ ұзақ уақыт кіріс болмаған соң продюсердің де ақшасы азайған.
- Продюсердің өзінің бес баласы болды. Біз де екі дәу баламыз. Жүріп тұруымызды төлеп отырды. Тамағыңа да ақша сұрауға ұяласың. Сөйтіп тапсырысқа ән жазып, биден сабақ беріп, былайша "шабашка" істеп күн көрдік. Біз бастаған Q-pop өлді, карантин өлтіріп тынды. Көбі сынып қалды, - дейді Самат.
Сахнадағы дебютінен бірнеше ай өткенде локдаунға тап болып, 2021 жылы тарап кеткен DNA тобының мүшесі Айбек Жанысбаев та (сахналық лақап аты – Ne1tron) "дағдарыстың басты себебі – қаражат тапшылығы болды" дейді. Сөзінше, Q-pop жанрында нарық қалыптасып үлгермеген соң, көп әртістің тұрақты табысы болмаған.
Ал 2021 жылы сәуірде Ninety One мүшесі Дулат Мұхаммедқалиев тележүргізуші Тимур Балымбетовке берген сұхбатында топтардың "түпкі идеяны дұрыс түсінбеуі" тоқырауға алып келгенін айтады.
"Біз де алғашқы үш жыл пайда таппадық. Бірақ бізде қазақ тілін трендке айналдыру, идентификация болу, жастарды өзіне қарату, әртүрлі психологиялық проблемалармен күресу деген идеялар болды. Әндеріміз де осы идеямен жазылғандықтан жастардың жүрегінен орын алды. Ал басқа әртістер өзін Q-pop деп атағанымен олар мұны тек шаш пен сырғадан көрді. Өйткені айтып жатқан әндері түсініксіз болды, не істеп жүргенін түсінбеді" дейді Дулат.
Ал DNA тобының бұрынғы мүшесі Айбек Азаттыққа берген сұхбатында идеялық алшақтықтың себебін "Бір жағынан тыңдарман барлық топты Ninety One тобымен салыстырды ғой. Сол үшін басқалары біз де тіл туралы айта бастасақ Ninety One-ға ұқсап кетеміз деп қорыққан шығар" деп түсіндірді.
Q-pop жанрын зерттеп жүрген PhD кандидаты Сымбат Жоламанованың сөзінше, Ninety One-нан кейінгі топтардың шығармашылығы көбіне Kpop көшірмесі деңгейінде болған. Ол Ninety One әндерінде де алғашқы жылдары Kpop стилі қатты сезілгенін, бірақ уақыт өте келе жігіттер түрлі стильді сынап көріп, қазір өз жолын тауып дамығанын айтады.
Q-pop топтары карантин мен қаржы тапшылығына тап болып жатқан тұста осы жанрда ән айтып жүрген Madmen тобының продюсері мен үш мүшесі есірткі дайындап, таратты деген айыппен ұсталды. Топтың продюсері және екі мүшесі 17-18 жылға сотталды.
"БІР КОМПАНИЯ МЕН БІР ТОП НАРЫҚ ҚҰРА АЛМАЙДЫ"
Продюсер Ерболат Беделхан Ninety One тобын құрып, Q-pop бағытын жариялаған сәтте саланы дамытудың үлгісі ретінде Оңтүстік Кореядағы "Корей толқыны" дейтін жобаны мысалға келтіріп, бұған мемлекет те араласуы керегін айтқан. Оңтүстік Корея билігі Kpop жанрын дамытуға қолдау көрсетіп, бұл елден шыққан BTS, Blackpink топтары әлемге танымал топтарға айналды.
Ерболат Беделхан мен Ninety One тобы биліктегі "Аманат" партиясымен, үкіметпен жұмыс істеуге тырысты. Бірақ ол жұмыстардың ешбірі қозғалыс басталған 2014 жылдан бері айтарлықтай нәтиже бермеді.
– Біз Q-pop жанрын демо нұсқасын жасай алдық. Таргетке көк тиын жұмсамай, ел ішінде ғана отырып шетелде біз туралы жазатын дәрежеге жеттік. Бірақ бір ғана компания, бір ғана топ нарық құра алмайды. Нарық деген заң жүзінде мемлекеттік деңгейде анализ жасау, салық пен субсидия мәселесін қарастыру. Біртұтас концепцияны ел ретінде қабылдау. Ал мемлекет мұны жасаған жоқ, – дейді продюсер.
Зерттеуші Сымбат Жоламанова Оңтүстік Корея Kpop-ты ұлттық өнім, бренд ретінде шығарса, Q-pop органикалық жолмен, өз күшімен пайда болғанын, бірақ продюсерлер дұрыс жүйе құрастыра алмаған соң бұл толқын ұзаққа бармағанын айтады. Сөзінше, топтар жұмысын бастағанда Қазақстандағы нарықтың ерекшелігін, танымал музыка нарығы болмағанын, халық ән үшін ақы төлеуді, концертке баруды үйренбегенін ескермеген.
- Ерболат Беделхан соны түсініп, алғашқы жылдары Ninety One тобын қолжетімсіз етіп қойды, жылдар бойы өзектілігін сақтауға тырысты, - дейді зерттеуші.
Ninety One тобы ел ішінде таныла бастаған соң түрлі танымал брендтердің жарнамасына түсіп, телеарналармен клиптерін эксклюзивті көрсету, сұхбат беру бойынша келісім-шарттар жасасты.
2022 жылдың басында Ninety One тобы мен Ерболат Беделхан арадағы келісімшарт аяқталып, ары қарай топ өз бетінше жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.
Қазір Q-pop жаанрында негізінен Ninety One, Alpha топтары және Ziruza мен AZ есімді жеке әншілер өнер көрсетіп жүр.
Ерболат Беделхан мемлекет деңгейінде шаралар қабылдап, Q-pop жанрын қайта жаңғыртуға болады деп санайды.
- Бізде "Рухани жаңғыру" деген бағдарламалар бар ғой. Сондай бағдарлама қажет. Егер мемлекет ретінде ешкімнен қайталамай, біреудікін тұтына бермей, өзіміздікін істейміз, өз жанрымызды, субмәдениетімізді қарастырамыз десек, Q-pop стартап түрінде тұр. Сонда ғана біртұтас мемлекет құруға атсалысамыз, - дейді проюсер.
Ал зерттеуші Сымбат Жоламанова Q-pop топтарының көбі тарап кеткенімен бұл жанр елдегі қазақ музыкасының дамуына әсер етті деп санайды.
- Қазір қазақстандық музыкада ренессанс болып жатыр. Әртүрлілік байқалады. Қалаған жанрыңды тыңдай аласың. Сондықтан бұл әлі басы. Бәрі түрлі бағытты байқап көріп жатыр. Алдағы 3-4 жылда қазақ музыкасы әлі біразды таңғалдырады, - дейді ол.
Айбек Жанысбаев "меніңше, Q-pop дұрысынан кеңейді. Әлемдік сахнаға шыға алатын әндер жазылып жатыр. Мысалы, Kalifarniya есімді әншінің мәтіндері таза қазақы да, музыкасы шетелдікіне ұқсайды. Бізге осындай симбиоз керек" деп ойын түйіндеді.
Кейінгі уақытта Қазақстан өнер әлемінде Kalifarniya, Qanay, Yenlik, Amre, Мархаба Сәби, Ayree, Мирас Жүгінісов, Қазыбек Құрайыш, Koba, Qaraqesek, 2rar сынды әншілердің әндері мен клиптері жұрт арасында кең таралып жүр.