Азаматтық белсенді, заңгер Әлнұр Илияшев Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде тіркемеуді талап етті. Заңгер шағымда жауапкер ретінде – орталық сайлау комиссиясын, мүдделі тарап ретінде Тоқаев пен оның әкімшілігін көрсеткен. Илияшев шағымда Тоқаевты "президент міндетін атқарушы" деп атайды.
Илияшевтің жазуынша, Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын тағайындау туралы жарлығы "Қазақстан Конституциясының бірінші бабындағы негізгі принциптерге қайшы". Мұндай принциптерге қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық, мемлекет өміріне қатысты маңызды шешімдерді демократиялық әдістер арқылы қабылдау жатады.
Заңгердің айтуынша, Конституцияның 41-бап, 3-бөліміне сәйкес, 2019 жылғы президент сайлауынан кейін кезекті президент сайлауы 2024 жылдың желтоқсанының алғашқы жексенбісінде өтуі тиіс болған. Бұл "елде барлық спектр бойынша саяси реформа жүргізу жарияланған шақта қоғамдық күштерге оған белсене және тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік берген болар еді".
Шағымда "азамат Тоқаев, жоғарғы лауазым иесі бола тұра ... әкімшілігімен бірге өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ҚР сайлау құқығы принципін бұзды" деп жазылған.
Илияшев кандидаттарға тең құқық пен жағдай жасалады деген сайлау туралы заңның 5-бабының 3-бөлігіне сүйене отырып, оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин мен экс-депутат Нұржан Әлтаевтың жағдайын мысалға келтіріп, олардың сайлану құқығының бұзылғанын алға тартады. Билік Жасарал Қуанышәлиннің саяси партиясын түрлі себеппен тіркемей қойған. Ал осы аптада ОСК Нұржан Әлтаевты ұсынған ұйым хаттамасының "бұрмалануына" байланысты мәселе сотта қаралғанша оны тіркеуді тоқтатқан еді.
"Азамат Тоқаев пен әкімшілігі, нақты жағдайда өзінің шынайы бәсекелестерінің [сайлауға түсу] мүмкіндігінің жоғын біле тұра алдын ала сайлау жоспарлап, артынша жариялады" деп жазылған шағымда.
Илияшев ОСК-ның Тоқаевты кандидат ретінде тіркеу туралы қаулысын "заңсыз және тұтастай конституцияға қарсы" құжат де атап, оның күшін жоюды талап еткен. Заңгер ОСК "Қазақстанда кезектен тыс сайлау өткізудің жаман дәстүрін қалыптастыруға жол ашып отыр", лайықты азаматтардың сайлауға қатысуына мүмкіндік бермей, адамдарды таңдау құқығынан айырып отыр деп санайды.
Белсенді соттан орталық сайлау комиссиясынан Тоқаевты тіркеу туралы қаулысының күшін жоюды сұраған.
14 қазанда шағым Жоғарғы сотта тіркелді.
Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Азаттыққа Илияшевтің шағымынан "хабары жоғын", "әзірге ақпарат түспегенін" айтты.
ОСК 12 қазанда қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты үміткер ретінде тіркеп, оған кандидат куәлігін табыстауды тапсырған. Ол 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелген алғашқы кандидат.
ОСК өкілдерінің айтуынша, Тоқаевтың өкілдері Қазақстанның барлық 20 өңірінде оны қолдайтын 400 мың қол жинаған.
Кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталған. Сарапшылар биліктің шынайы оппозиция өкілдерін сайлауға жібермегенін, кандидаттар арасында шынайы бәсекелес болатын адамдар жоғын, сайлау нәтижесінің алдын ала анықталып қойғанын айтады.
Бұған дейін ОСК үміткер ретінде 12 адамның құжатын қабылдағанын мәлімдеген. 13 қазанда үшеуінің "талаптарға сәйкес келмегенін" мәлімдеп, оларды тіркеуден бас тартқан.