Талдықорған қаласының Жетісу облыстық соты 20 қазанда Қаңтарда ұсталғандарды үтікпен азаптады деп айыпталған полицей Айдын Кенжебаевты үйқамақтан қамауға ауыстыру туралы қаулы шығарды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Әсем Түсіпова хабарлады.
—Бастапқыда ол қамауда отырды. Бұдан соң маусымда оны үйқамаққа ауыстырды. Ол жөнінде білген жоқпыз, бізге айтқан жоқ. Оларды [Айыпталушыларды] шығармауы тиіс еді, қатты таңғалдық. Оны қамауға алу туралы бірнеше рет өтініш түсірдік, Талдықорған қалалық соты бас тартты. Бұдан соң облыстық сотқа жүгіндік, – деді адвокат Әсем Түсіпова.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде облыстық сот қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша екі қаулы шығарған. Бірі жәбірленуші Жансерік Тұралықов, екіншісі куәгер Арлан Құттыбаевтың қауіпсіздігіне байланысты.
—Тұралықовтың үйіне Кенжебаевтың әйелі белгісіз екі адаммен барған. Одан кейін телефонмен хабарласып сес көрсеткен. 18 қазанда Айдын Кенжебаев дәретханада Құттыбаевты өлтірем деп қорқытқан. Осы жайттарға сүйене отырып, сот Айдын Кенжебаевтың бұлтартпас шарасын қамауға ауыстырды, – деді Әсем Түсіпова.
Адвокаттың айтуынша, олар Кенжебаевты ғана емес, қалған төрт полицейді де қамауға алуды сұраған, алайда сот өтінішті ішінара қанағаттандырып, Кенжебаевтың ғана бұлтартпас шарасын өзгерткен. Айыпталушылар Тоқташ, Нұртаза, Боқанов және Жұмашов қазір үйқамақта.
- Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша 238 адам өлген. Оның кемінде алтауын құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаптап өлтіргенін билік мойындаған.
- Адам азаптаған және тыйым салынған тергеу әдістерін қолданған деген күдікке ілінгендер қызметкерлердің жалпы саны - 15 адам. Іс бойынша 23 адам жәбіренуші танылған. Бұлар Қаңтар кезінде ұсталып, азаптауға шағымданған азаматтар. Жәбірленушілердің сөзіне қарағанда, оларға сот тыңдаулары жайлы уақытында хабарланбаған, соның салдарынан екі отырысқа қатыса алмай қалған. Жәбірленушілердің бірі өзін азаптаған екі полиция қызметкерінің жауапқа тартылмағанын айтады. Ал үтікті қыздырып, ұсталған адамның арқасына басқан полиция мүлде тергелмеген.
Видео: Абақтыда азап көрді деген Азамат Батырбаев (2 ақпан 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5