Түрмедегі азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың аштық жариялап жатқанына 24 күн болды. 26 қазанда онымен кездескен адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Нарымбаев жүдеп кеткеніне қарамастан аштығын тоқтатпауға бекінген.
- Өте әлсіз болып қалыпты, 18 килограмм салмақтан айырылыпты. Менімен кездесуге балдақпен шықты. Бірақ алған бетінен қайтпайтынын, аштығын тоқтатпайтынын жеткізді. Ол аштығының басты мақсаты – оппозицияның бірігуі екенін айтты. Саяси тұтқындарға қатысты мәселе шешілмесе, аштығын одан әрі жалғастырмақшы. Бұл ісімен қоғамды оятқысы келеді, - деді сәрсенбі күні кешке адвокат Азаттық тілшісіне.
Нұрпейісовтің сөзінше, ол Нарымбаевқа құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның өтініші бойынша барған. Төреғожина Нарымбаевтан аштықты тоқтатуын өтінген. "Өтінішін жеткіздім, бірақ Ермек оны орындай алмайтынын айтты" дейді адвокат.
52 жастағы Ермек Нарымбаев қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп атаған Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет қылмыстық жазаға кесілген. 2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты оның жазасын жеңілдетіп, үш жылға шартты жазаға кесті.
2016 жылы Ермек Нарымбаев өзіне билік тарапынан қатер төніп тұрғанын айтып, Украинаға кетіп қалды. Ол биыл ақпан айының басында Қазақстанға оралған. Бірақ Алматы әуежайынан бірден полиция бөлімшесіне жеткізіліп, қамалды. Адвокаттың айтуынша, оның әлі өтелмеген екі жарым жыл жазасы бар.
Қарай отырыңыз: "Құлыптасыма күлімсіреп тұрған суретімді қойыңдар". Диссидент Ермек Нарымбаев түрмеден өсиет-хат жолдады (19 қазан 2022 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5