Алматы қаласының тергеу соты 4 қарашада Қаңтар оқиғасы бойынша қамауда отырған белсенді Қосай Маханбаевтың бұлтартпас шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырды. Бұл жөнінде Азаттыққа адвокат Жалғас Сапарханова хабарлады.
"Екі айға үйқамаққа шығарды. Қазір ғана сот шешім шығарды. Тек интернет, ұялы телефон қолдануға болмайды деді. Сот пен тергеу органдарының шақыртуына келуге міндетті деді" деді адвокат Жалғас Сапарханова.
Ол сот қаулысын алғаннан кейін тергеу изоляторына баратынын айтты. Белсендіні бүгін босатуы тиіс.
Адвокат өткен аптада сотқа өтініш түсіріп, Маханбаевтың бұлтартпас шарасын өзгертуді сұраған. Кеше, 3 қарашада прокуратура белсендіні үйқамаққа жіберуге келіскенін мәлімдеген. Бейсенбі күндіз Маханбаевтың жақындары, сырқат анасы да бар, қалалық прокуратураға барып, белсендіні босатуды талап еткен.
38 жастағы Қосай Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталған азаматтардың бірі. Оған Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. Маханбаев "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) бойынша күдікке ілініп, қамауға алынған. Биыл наурызда ол “ешқайда кетпеу” турлы қолхатпен босатылған.
Бостандыққа шыққан соң Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптағандар жазалансын деген талаппен бірнеше рет наразылық шарасына қатысқан. Полиция оны сол әрекеті үшін айыптап, 15 күнге қамаған. Кейін белсендінің бұлтартпас шарасы өзгертіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Қазан айының басында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевтың азаптау бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Полиция кек алады". Азапталғандар ісінің ешбірі сотқа жетпей жатыр