Бүгін, 7 қарашада Алматының Бостандық ауданының №2 сотында тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың соты онлайн басталды. Оған "жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады" және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.
Алғашқы сот отырысында судья Елена Кван тараптарды түгендеп болып, журналистерге "процесстен тікелей эфир жүргізбеулеріңізді сұраймын" деп өтініш айтты. Ол "заң бойынша куәгерлер бір-бірінің берген жауабын естімеуі тиіс" деді.
Судьяның сөзіне Жанболат Мамай қарсы болып, "процесстің ашық екенін, тікелей эфир жүргізуге журналистердің құқығы барын" айтты. Судья өз айтқанынан қайтпап еді, Мамай судьяға сенімсіздік білдірді.
Осыдан кейін судья кешке дейін үзіліс жариялады. Үзілістен кейін Бостандық ауданының №2 сотының төрағасы айыпталушы Мамайдың өтінішін қанағаттандырмады.
Төраға "журналистер процесстен тікелей эфир жүргізе алады, алайда куәгерлерден жауап алынғанда тікелей эфирді тоқтату керек, жауап алынып болған соң эфирді қайта жалғастыруға болатынын" айтты. Мұнымен айыпталушы тарап келісіп, кешкі алтыдан кейін процесс қайта жалғасты.
Судья тараптарға құқығын түсіндіріп, алдағы сот өтетін күндерді белгіледі. Жұмыс уақыты аяқталғандықтан келесі отырысты 8 қарашаға қалдырды.
Жанболат Мамай 2 қарашада тергеу изоляторынан босап шықты. Сот оның бұлтартпас шарасын өзгертіп, 8 айдан кейін тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген.
"Қазақстанның демократиялық партиясын" тіркей алмай келген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай биыл ақпанда Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған "жалған ақпарат тарату" және "билік өкілін қорлау" баптары бойынша айыптар тағылды.
Маусымда Жанболат Мамайға Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген тағы бір айып тағылды. Мамай сол кезде "билік оны 4 қаңтарда "Алматы Арена" кешені маңындағы митингіні ұйымдастырды деп кінәлағысы келеді" деген. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.
Қазан айында Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай Еуропарламенттегі сөзінде бір күн бұрын күйеуіне "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыбы "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (400-бап) бабымен алмастырылғанын хабарлаған еді. Инга Иманбай Жанболат Мамайға тағылған айыптың жеңілдеуіне халықаралық қысым түрткі болды деп санайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Британия парламентінің мүшелері Мамай ісі негізінде Қаңтар оқиғасын тексермекТіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайға тағылған айыптардың бірі жеңілдетілді"Бұл — Жанболаттың ғана емес, менің де таңдауым". Инга Иманбайдың күресі