15 қарашада Алматы соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған азаматтық белсенді Әсет Әбішевті 15 тәулікке қамады. Сейсенбі күні түстен кейін полицияның "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ мүшесі Әсет Әбішевті дүкенге шыққан жерінен ұстап әкеткені белгілі болған еді.
Сот шешімінде Әбішевтің 16 тамызда Facebook желісінде видео жариялап, халықты "рұқсат етілмеген митингіге" шақырғаны жазылған. Сотқа видеобайланыспен шыққан белсенді тағылған айыпты мойындамаған. Оның алдында интернетте полицейлердің белсендінің үйін күзетіп тұрғаны жөнінде видео жарияланып, Әбішев оны "саяси қудалау" деп бағалаған.
20 қарашаға белгіленген оппозиция митингісі қарсаңында Қазақстанда белсенділер жиі ұстала бастады. Өткен аптада Астанада кемінде бес белсенді ұсталып, 15 тәулікке қамалған.
Facebook-тағы "Белсенділер экстремист емес" тобының хабарлауынша, 16 қарашада Көкшетауда Уәлихан Негметовтің, Алмагүл Құдайбергенованың үйіне полицейлер барып, шақырту тапсырған. Интернетте жариялаған мына бір видеода өзін Амангелді Қазыбекұлы деп таныстырған полиция қызметкерінің белсенді Уәлихан Негметовті бөлімшеге шақыртып жатқаны көрінеді. Полицейдің түсіндіруінше, белсенді бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзған".
15 қарашада Жаңаөзенде "Өзенмұнайгаз" компаниясының жұмысшысы Естай Қарашаев ұсталып, "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" алты тәулікке қамалды. Қарашаевтың туыстарының айтуынша, полицейлер оны WhatsApp желісіндегі "Жаңаөзен жанашырлары" тобында жазба жариялап, "20 қарашада митингіге шығуға шақырғаны" үшін ұстаған.
Сейсенбі күні Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Бобровка ауылында полицейлер белсенділер Серік Ыдырышевтің үйіне барып, алып кеткен. Әйелі Гүлмира Базарбекқызы оқиғаны кезектен тыс президент сайлауы қарсаңындағы "ұстаулармен" байланыстырған. Глубокое аудандық соты 15 қарашада белсендіге 30 мың көлемінде айыппұл салды. Полиция Ыдырышевті "әкішілік қадағалау заңын бұзды" (480-бап 1-бөлік) деп айыптаған. Сот шешіміне сәйкес, белсенді "осыған дейін тағайындалған әкімшілік шектеуді орындамай, аудан аумағынан шығып кеткен". Ал белсенді сотта мұндай шектеу жөнінде білмейтінін, өзіне хабарланбағанын жеткізген.
Осыған дейін "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастама топ өкілдері 20 қарашада бейбіт митинг өткізетінін мәлімдеген. Топ мүшелері бұған дейін "әділетсіз сайлауды өткізбеуді", саяси қудалауды доғаруды, саяси партияларды тіркеуді талап еткен.
Бұған дейін билік тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы өкілдерінің "митинг өткізу туралы өтініштерін" қанағаттандырмаған еді. Белсенділер кезектен тыс президент сайлауы, Қаңтар оқиғасы, саяси тұтқындар мәселесі жөнінде пікірлерін айтпақ болған.
Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан" партиясының тіркеу туралы өтініштерін қайтарып келеді.
Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Астана елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сайлау қарсаңында белсенділер ұсталып жатыр Сайлау күніне белгіленген митингілер қарсаңында бірнеше белсенді ұсталды: Кемінде бесеуі 15 тәулікке қамалды"Алға, Қазақстан" партия тіркеу үшін алтыншы рет құжат тапсырып, министрліктің екінші жауабын сотқа берді"Қаңтар оқиғасынан кейінгі ашу-ызаны басуға тырысқан" Тоқаев және "Мәскеуден алшақтаудан төнетін қауіп"Бір адамдық пикетке шыққан Жаңаөзен белсендісі Жадыра Досекееваға тағы айыппұл салынды