Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 қарашада Астанада Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррельді қабылдады, деп хабарлады ресми БАҚ.
Ақорда сайты Тоқаевтың Астана "Қазақстан мен ЕО арасындағы жоғары деңгейдегі байланысты қолдайды" деген сөзін келтіреді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы "экономика және инвестициялық байланысты әрі қарай нығайту болашағын" талқылаған.
Еуроодақтың жоғары лауазымды шенеунігі Астанаға 20 қарашаға белгіленген кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында түрлі аймақта белсенділер ұсталып жатқан шақта келіп отыр. Құқық қорғаушылар белсенділерге қысымның үдегенін айтады.
Астанадағы кездесуде Қазақстандағы адам құқығы ахуалы талқыланғаны-талқыланбағаны белгісіз. Сәрсенбі күні Боррель Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен де кездескен. Боррель Твиттерде тараптар "саяси диалог пен әріптестікті тереңдетуге" келісті, сонымен бірге "сауда, энергетика және күн тәртібіндегі "жасыл" мәселелер бойынша ортақ мүмкіндіктерді пайдалану" ұстанымынан айнымайтындығын растады деп жазды.
Осыған дейін Боррель "күрделі гесосаяси өзгерістер тұсында" ЕО-ның Орталық Азиямен әріптестігін нығайту мақсатында осы аймаққа баратынын мәлімдеген. "Тұрақты өзара байланыс біздің ортақ күн тәртібінде маңызды орынға ие" деді Боррель.
Бұл Боррельдің 2019 жылы қызметке тағайындалғаннан кейін Қазақстанға жасаған алғашқы сапары.
Қазақстан президенті Еуроодақ өкілімен кездесу кезінде тараптар арасындағы әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту туралы келісім "барлық сала бойынша әріптестікті нығайтудың жаңа кезеңіне" жол ашады деп мәлімдеді. Келісім ондаған сала бойынша, оның ішінде экономика мен саудадағы әріптестікті де қамтиды. Құқық қорғаушылар ЕО-ны Қазақстанда адам құқығы мен азаматтық бостандық сақталса ғана қарым-қатынасты нығайтуға үндеген.
Жозеп Боррель Астанадан Өзбекстанның Самарқан қаласына аттанады. Ол жақта Еуроодақ – Орталық Азия форматында министрлер кездесуі өтеді. Боррель сонымен бірге ЕО мен Орталық Азия арасындағы өзара қарым-қатынас мәселелеріне арналған конференцияға қатысады.
Боррельдің Орталық Азияға сапары қарсаңында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Брюссельді Орталық Азия елдерінің жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесу кезінде аймақтағы наразылықты күшпен басу оқиғаларын ашық әрі жан-жақты тергеуге көндіруге үндеген. Адам құқығын бұзу оқиғаларын тәуелсіз зерттеу қажеттігін күн тәртібіне шығаруға шақырған.
Өткен айдың соңында Астанаға Еуроодақтың өкілі Шарль Мишель келген. 27 қазанда Қазақстан президентімен кездесу кезінде Еуроодақ өкілі "Қаңтар оқиғасын жан-жақты, әділ тергеудің маңыздылығын" атап өткен.