20 қарашада Алматыда Абай ескерткіші маңында полиция "Демпартия" мүшелерін ұстап әкетті. Тіркелмеген партия өкілдері "таңдаусыз сайлауға" қарсылық білдіріп, сайлауды тоқтатуды талап еткен. Олар сонымен бірге белсенді Жанболат Мамайды ақтауды да талап етті. Олардың қолында "Таңдаусыз сайлауға қарсымыз", "Жанболат Мамай ақталсын" деген жазуы бар плакаттар болды.
"Власть" сайтының жазуынша, акция басталысымен бірнеше минуттан соң полиция белсенділерді ұстап, алып кеткен.
Ескерткіш маңына жалпы бес адам жиналған. Әкімдік өкілі акцияның "заңсыз" екенін ескерткен.
Елде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Алматыда түрлі саяси топтар митинг орны ретінде белгілеген жерлерде полиция бақылауы күшейді. Жексенбі күні таңертең Азаттық тілшісі Республика алаңында Ұлттық ұлан сарбаздары, полицейлер мен полиция көліктері, автозактар тұрғанын көрді.
Астанада оппозиция митингісі өтеді деген орын – "Жастар" сарайының алдына қоршаулар қойылып, полицейлер күзетті.
Осыған дейін тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы мүшелері 20 сайлауда митинг өткізетінін мәлімдеген. Алайда партияның мүшелері сайлау қарсаңында ұсталып, көбі әкімшілік қамауға алынған. ҰҚК осы апта соңында сайлау күні "жаппай тәртіпсіздік жасамақ болған" топ мүшелерін ұстағанын, олардың шетелде қуғында жүрген экс-банкир Мұхтар Әблязовты қолдағанын айтқан. Әблязов ҰҚК тұжырымдарын жоққа шығарып, билік оппозиция белсенділерін қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҰҚК ұстаған топ немесе "Әблязовқа көңілі ауғандар" және сайлау қарсаңындағы қудалауЖексенбі, 20 қарашада елде кезектен тыс президент сайлауы басталды. Сайлауға алты кандидат - қазір билікте отырған 69 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаев пен көпшілік онша танымайтын бес адам түсіп отыр. Кей сарапшылар мен халықаралық талдаушылар Ақорданың берген уәдесіне қарамастан, сайлау шынайы саяси бәсекесіз өтіп жатыр деп есептейді.