Қырғызстан соты апелляциялық шағым бойынша шешім шығарып, жемқорлық тақырыбын зерттейтін тәуелсіз журналист Болат Теміровті елден шығарып жіберді. Бұл кейінгі айларда елде сөз бостандығына қарсы әрекеттер жиілеген жағдайда болып жатыр.
23 қарашада Бішкек қалалық соты бірінші инстанциядағы сот шешімінің үстінен түсірілген прокуратура шағымын қарастырып, журналист Болат Теміровті елден шығару туралы үкім шығарды. Үкімнің дереу орындалғаны сонша – Теміров сот залынан бірден Мәскеуге жіберілді. Журналисті сот залынан күшпен алып шыққан заң орнының қызметкерлері оны әуежайға жеткізіп, қолында құжаты болмағандығына қарамастан, Мәскеуге ұшатын ұшаққа отырғызған. Екі қызметкер журналиспен бірге ұшып, оны Ресей шекарашыларының қолына табыстаған. Шекарашылар оны босатқан соң, Теміров өзін Мәскеуде анасы мен туыстары қарсы алғанын айтады. Бұл туралы ол Азаттық радиосының Қырғыз қызметіне берген сұхбатында баяндаған. Теміров сұхбатында бұл хикаяны биліктің "кек алуы" ретінде бағалайтындығын білдірген.
25 қараша күні Бішкекте Болат Теміровті елге қайтаруды және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен бейбіт шеру өтпек. Әлеуметтік желілерде #reакция хештегімен тараған мәліметтерге қарағанда, шерудің ұраны "көркейген Қырғызстанды көргіміз келеді" болмақ.
ӘР ЗЕРТТЕУДЕН СОҢ – ЖАҢА ІС
YouTube-та Temirov LIVE арнасының негізін қалаған Болат Теміровтің үстінен биыл қаңтарда заңсыз есірткі сақтап отыр деген күдікпен іс қозғалған. Сол кезде арнаның кеңсесіне тінту жүргізілген. Соның алдында ғана осы арна "Қырғызнефтегаз" мемлекеттік компаниясы өндіретін мазут экпортының күмәнді схемасы туралы зерттеу жариялаған. Бұған ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Ташиев туыстарының қатысы болуы мүмкін екендігі айтылған.
Ал биыл сәуірде Temirov LIVE арнасы жариялаған жаңа зерттеуде Ташиевтің балаларының мемлекеттік тендерге қалай қатысатыны айтылған. Осыдан кейін Болат Теміровтің үстінен жаңадан іс қозғалған. Бұл жолы оған "құжаттарды қолдан жасады" және Қырғызстан "шекарасына заңсыз өтті" деген қылмыстық айыптар тағылады.
Ал 28 қыркүйекте Свердлов аудандық соты "заңсыз есірткі сақтады" және "мемлекеттік шекарадан заңсыз өтті" деген айыптар бойынша Теміровті ақтаған. Алайда сот оны "құжаттарды қолдан жасады" деген айып бойынша кінәлі деп таныған. Дегенмен қылмыс мерзімі өткеніне байланысты журналист жазадан босатылған.
ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ҰҚМК ЖАБЫЛЫП ЖАПҚАН "ЖАЛА"
Тәуелсіз журналист Теміров өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Ол бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров пен ҰҚМК басшысы Қамшыбек Ташиевті сотқа беретіндігін жариялаған. Теміров осы аталған тұлғаларға қарата жариялаған үндеуінде олардан "құжатты қолдан жасады" деген айыпты жоққа шығаруын талап ететіндігін айтқан.
"Мерзімі өткеніне байланысты сот маған жазалау шарасын қолданбады. Соған орай түрмеге түспесем де, менде соттылығым туралы мәселе пайда болды және менің төлқұжатым жарамсыз. Мұндай нәтиже маған жақпайды. Өйткені мен ештеңеге де кінәлі емеспін. Мен жалған құжат пайдаланған емеспін және Қырғызстан төлқұжатын заңды түрде алғанмын. Сондықтан мен адвокаттарыммен бірге 26 қазанда апелляциялық шағым түсірдік. Сол күні прокуратура да өзінің апелляциялық шағымын берді. Прокуратура мені есірткіні сақтап, пайдаланды және шекарадан заңсыз өтті деп есептейді. Яғни, прокуратура жалған құжаттарға байланысты сот шешімін қарастырмай отыр" дейді Болат Теміров.
Ол осы үндеуінде президент Жапаров пен ҰҚМК төрағасы Ташиевтің сұхбаттарының бірінде "Теміров біреудің әскери билетін ұрлап, оған өзінің фотосын жапсырып, фамилиясын ауыстырып, Қырғызстан төлқұжатын алды" дегенін "жала" деп танитындығын айтқан.
"Жоққа шығаруды талап ету – менің заңды құқығым. Біз шағым түсірдік. Бірақ оны қабылдамады. Алайда біз шағымды қашан қабылдағанша қайта-қайта арыз түсіре беретін боламыз. Біз моральдық өтемақы талап етіп отырған жоқпыз. Біз олардың сөзі жала екенін мойындауды талап етеміз" дейді журналист.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ
Бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен батыс елдері Қырғызстан билігін Теміров пен БАҚ-ты қудалауды тоқтатуға шақырған. Бұл ұйымдар журналиске қарсы қозғалған істерді сөз бостандығына қол сұғу ретінде танитындығын білдірген. Теміровтің өзі болса, қылмыстық қудалауды өзінің кәсіби қызметімен байланыстырып, биліктің өзін қудалап отырғанын айтқан. Билік болса, оны жоққа шығарған.
БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Мэри Лолор Қырғызстан билігін Теміровті елден шығаруын тоқтатуға шақырған. Ол сот шешімін жемқорлықпен күрестегі журналистен кек алу ретінде бағалайтындығын айтқан.
Халықаралық журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Қырғызстан билігін зерттеуші-журналист Теміровті депортациялау шешімін дереу тоқтатуға шақырған. Бұл туралы ұйымның жариялаған мәлімдемесінде журналистке жасалған әрекеттерді "Ресейдегі мобилизация кезінде оның өмірін қатерге тігуі мүмкін шектен шыққан жауапсыз, кек алу қадамы" деп атаған.
"Қырғыз билігі Теміров пен оның Temirov LIVE командасын айлар бойы соттық қудалауды аяқтайтын осы шараны және тәуелсіз БАҚ жұмысына кедергі тудырып, қудалауын дереу тоқтату керек" дейді CPJ-нің Еуропадағы және Орталық Азиядағы бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымы президент Садыр Жапаровты Теміровті елден шығаруды тоқтатуға шақырған. "Сот RSF 2022 сыйлығына ұсынылған Теміровті Ресейге депортациялауға шешім шығарды. Зерттеуші-журналист үстінен шағым түсіргелі отырған президент Садыр Жапаровты оны елден шығармауға және төлқұжатын қайтарып беруге шақырамыз" делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Еуроодақтың Қырғызстандағы өкілдігі заң орындарының зерттеуші-журналистке жасаған әрекеті Қырғызстанның халықаралық міндеттеріне қайшы келеді деп санайды. "Біз Бішкек қалалық сотының белгілі журналист Болат Теміровті елден шығару жөніндегі шешімі мен оның дереу ұсталғанына терең алаңдаушылық білдіреміз. Бұл әрекеттер Қырғызстанның тәуелсіз БАҚ және зерттеуші-журналисттің жеке қауіпсіздігіне кепілдік беретін халықаралық міндеттеріне қайшы келеді. Біз Қырғызстан билігін осы негізгі халықаралық қағидаттарды толықтай ұстануға шақырамыз" делінген Еуроодақтың мәлімдемесінде.
АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігі мәлімдеме жариялап, журналистің депортациялануын демократия қағидаттарына қайшы жағдай ретінде бағалады. АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Нед Прайс Twitter парақшасында шешімге алаңдайтынын білдірді.
"Журналистер кәсіби міндетін атқарғаны үшін ешқашан жазаланбауы тиіс. Қырғыз Республикасы белсенді азаматтық қоғамымен танымал. Сөз бостандығын тұншықтыру талпынысы оған нұқсан келтіреді" деп жазды Прайс.
Ұлыбритания елшілігі Бішкек қалалық сотының шешіміне өкініш білдірген.
Тәуелсіз журналист Теміров Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында өзінің елден шығарылуын "сот жүйесі батылдық көрсете алмаған, тарихи маңызды шешім шығара алмаған кек алу" әрекеті ретінде бағалайтынын айтқан. Бұл жағдайды Теміровтің қорғаушылары "құқықтық басыну" деп атаған. Адвокаттар енді төменгі инстанциядағы шешімді тоқтату туралы жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірмек.
Бүгін, 25 қарашада 43 жасқа толған тәуелсіз журналист Теміровті 2021 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті "жемқорлықпен күресті қорғаушы" сыйлығының иегері ретінде таныған болатын.
Қырғызстан үкіметі өткен айда Азаттық радиосының Қырғыз қызметінің банктік есеп шотын тоқтатып, сайтын жапқан соң елде тәуелсіз БАҚ-қа қарсы шаубыл үдей түскен. Сөз бостандығын қорғайтын жергілікті және халықаралық ұйымдар мұны редакциялар жұмысын тұншықтыруға бағытталған әрекет ретінде бағалайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орталық Азиядағы тәуелсіз БАҚ-қа қысым: Сайтты жабу "қызыл сызықтан" өткендерді жазалау ма?"Жапаровтың сөз бостандығын шектеуге талпынуы – бос әурешілік". Қазақстан көршісіндегі жағдайдан қандай сабақ алуы керек?Қырғыз билігінің азаматтық қоғамға қысымының артында не тұр?