25 қарашада Қызылорда №2 қалалық сотында Қаңтарда "әскери көлікпен сарбазды басып өлтірді" деген күдікке іліккен Қазыбек Құдайбергеновтың сотында жарыссөз өтті.
Сот басталысымен Қазыбек Қудайбергенов 9 қаңтарда қамауға алынған кезде мемлекет тарапынан тағайындалған адвокат Азат Нұрмағамбетов жауапталды. Ол сот үстінде ешқандай тергеу әрекетіне қатыспағанын, Құайбергеновті күдікті деп тану, айғақ ретінде табылған киімдерге қатысты хаттамаларға қол да қоймағанын айтып, іс материалындағы қолдың өзінікі еместігін мәлімдеді.
Бұған наразылық білдірген прокурор Б. Сариев сотқа тергеушілерді шақыруды сұрады. Ал Құдайбергеновтың адвокаты Тоқтар Мырзанбек соттан адвокат қолын анықтау үшін сараптама жасауды талап етті.
Үзіліс жариялап, ақылдасу бөлмесіне барып келген судья екі өтініштің де қабылданбайтынын айтты.
Айыптау актісін оқыған прокурор Б. Сариевтің айтуынша, "Құдайбергенов 3 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасына қатысты наразылық туындағанда оны қолдауға шақырған және Мұхтар Әблязов басқаратын экстремистік ҚДТ ұйымының жақтаушыларымен бірлесіп жылдар бойы билікке қарсы жинақталған наразылықтарын білдірудің сәті түсті деп санап, билікті басып алмақ болған". (Астана соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ ұйымын Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атаған - ред.).
Прокурор айыптау актісінде Құдайбергеновке қатысты тағылған басқа айыптарды ҚДТ қозғалысымен байланыстыра суреттеді. Құдайбергеновті "ҚДТ белсендісі" деп атаған прокурор белсендінің Қаңтар кезінде "экстремистік топты бастап шығып", алаңда "КАМАЗ айдап", "әскерден кек алу мақсатында машинаның педалінің астын кірпішпен тіреп, әскерге қарай машинаны бағыттаған" деді.
Ол Құдайбергеновке тағылған айыптардың "дәлелденгенін" айтып, оны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Адвокат Тоқтар Мырзанбек сот тергеуінде іс материалдарын ауыстырып, қолдан түзету фактілері көптігін айтып оған сот баға бермесе, ешқандай дәлелсіз болжамға құрылған айыптауға сот үкімі қалай шығады деп сұрады.
Қазыбек Құдайбергеновтың өзі көп сөйлемеді.
- Мен қарапайым шаруаның адамымын. Ешқандай қылмыс жасағаным жоқ, менің жазығым жоқ, ақтауды сұраймын, -деді.
34 жастағы Қазыбек Құдайбергеновке «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» (272- баптың 2-бөлігі), «терроризм актісін жасады» (255 - баптың 4-бөлігі), «алдын ала бір топ адаммен сөз байласып билік өкіліне күш қолданды» (380-баптың 3-бөлігінің 4 және 8-тармақтары), «топ болып алдын ала сөз байласып екі немесе одан да көп құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұқты» (380-1 баптың 2-бөлігінің 1 және 6-тармақтары) деген айыптар тағылған.
Ол 9 қаңтарда қамауға алынған. 5 қаңтарда алаңда жараланған жігітке көмектесемін деп жүргенде аяғына оқ тиген. Ол қамауға алынғанда азапталғанын айтып, жемқорлықпен күрес агенттігіне шағымданғанымен арызын қабылдамаған.
Құдайбергеновке қатысты сот үкімі 29 қарашада шығады.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Олардың біреуі – әскери борышын өтеп жүрген солдат.
Биыл жыл басында Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылық бүкіл елге жайылып, аяғы қантөгіске ұласты. Бірнеше қалада полиция көліктері өртеліп, мемлекеттік ғимараттар бүлінді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге "20 мың бандит шабуылдады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына "ескертусіз оқ атуға бұйрық" берген. Алайда кейін билік "20 мың бандит" жайлы мәлімдемені жоққа шығарған. Ресми органдар оқиға кезінде барлығы 238 адам мерт болды дейді. Оның алтауы қамауда азаптаудан қаза тапқан.